МЫНАУ ТІПТІ МАСҚАРА
Жақында мына бір зерттеу туралы деректі оқып, жағамды ұстадым.
Днепропетровскіде химия пәнінің мұғалімі оқушыларымен бірге зерттеу жүргізбек болыпты. Олар зоодүкеннен 12 тышқан сатып алады. Тышқандарды үш-үштен төрт торға бөледі. Біріншісіне ас орнына тек чипсы беріп отырған. Екінші үштік кептірілген нан – сухариктермен қоректенген. Үшінші топқа құрамында натрий глутамат (Е621) көп шұжық, фастфуд, төртінші топқа бидай, жемістер берген.
Күнделікті осылай азықтандыру арқылы ұстаз бен оқушылар тышқандарды ұзақ уақыт бақылайды. Жиырма күн болғанда тек чипсы жеп жүрген тышқандардың жүндері түсіп, көздері көрмей, сосын бір айға жетпей бірінен кейін бірі өліп қалыпты. Зерттеу тышқандардың ас қорыту жұмысы бұзылғанын, көздің ішкі тор қабығы бүлінгенін, бауыр циррозынан өлгенін анықтаған.
Сухарик жеген тышқандардың да асқазан, бауыры, ішектері бүлінген. Ал, шұжық пен фастфуд жеген тышқандарда жиырма күнде осы тамаққа тәуелділік пайда болыпты. Олар ашушаң, байыз таба алмайтын халге жеткен. Жеміс пен дән берілген тышқандар ғана жүндері жылтырап, жақсы күтім болғанын көрсеткен.
Мұны көрген оқушылар бұдан былай дайын ас жемеуге уәде беріп, ұстаздарына осындай зерттеу үшін алғыс айтыпты.
Днепропетровскіде былтыр болған бұл жағдай маған үлкен ой салды. Кейде біз балаларға чипсиды, фастфуд пен шұжықты өзіміз әпереміз. Газдалған тәтті сусынды да алатын өзіміз. Сөйте тұра соңғы кездері ауру түрлері көбейіп кетті дейміз. Ойланайықшы, осы біз ауруды өзіміз сатып алып жүрген жоқпыз ба?
Жарас ҚАСЫМ,
«Ауырмаңыз!» газеті
«Ауырмаңыз!» газеті