Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ...Қайтарымы бар

...Қайтарымы бар


  Өткеннен қалған бір оқиға санама сәуле шашып, көзіме нұр сыйлайды.
Ойыма оралса, бойыма қуат береді. Сөз ауанын сол арнаға бұрайын. Күздің күні. Жаз бойы жайқалған жасыл жапырақты алтынның түсі жеңіп, өңін кетірген. Аспан да бейне бір қырық жерден тесілген шелекке ұқсап жаңбырын төгіп, әлі қамданып үлгермеген кедей сорлының басын тесердей. Шарасыз шаруаның алқабын айдап, шатыры қисайып, төбесі көрінген жарлының үйінен пана іздегендей ағылып кіре берді. Қатты жауын көршінің үйін құртыпты дегенім сол-ақ екен, аядай жерде отырған ағам «Е, ол да бір Алланың сыйы ғой» демесі бар ма? Түсінбегенімді шарадай болып бақырайған көзімнен-ақ байқады. «Алланың әр ісінде бір қайыр бар, бастысы үміттің жібін үзбей еңбек ете білу керек» деп жымиды. Ештеңе ұқпасам да басымды шұлғып, ойланып қалғандай кейіп таныттым. Ертеңгісін Жаңақорған ауданының орталық базарына барғым келіп, ағамның көлігіне ілесіп мінгесе кеттім. Таңсәріден тырмысып шуылдаған адамдар. Құмырсақаның илеуі дерсіз. Базар маңы көлік қоймақ түгілі аяқ басарлық орын жоқ. Ағам да бір шетке ыңғайлап көлігін қойды да, қайнаған тірліктің ортасына менімен бірге еніп кетті. Керек-жарақтың барлығын түгендеп, тізімге қарау менің жұмысым. «Анау бар, мынау жоқ» деп анамның ұзын сонар тізімінің соңына таядық. Буып-түйген пакеттерді түгендедім де, «болды ағатай қайтайық» деген едім, сөзіме мән бермеді. Қалың ойдың қамалын бұза алмай тұрған жандай бір жерге тесіле қарап қалыпты. Зәрем зәр түбіне жетті. Қасына таяп келіп, «аға ауырып тұрған жоқсыз ба деймін. Ол үнсіз...
Айналаны барлап, көз қиығымды салсам анадай жерде кішкентай бір балақай қатты қағаз үстінде молдасын құрып отыр екен. Алақанын жайып өткен-кеткен адамдардан мейірім мен махаббат күтетін сыңайлы. Көздері ботадай жәутеңдеп, кезерген еріндерімен жыбырлап бірдеңе айтады. Қара торы баланың толқындаған шаштары өмірінің белестерге толы екенін бейнелеп тұрғандай. Қолы тілім-тілім. Ал, аяғы күстеніп, киімінің жамалмаған жері жоқ. Аштықтан әлсіреп әзер демін алады. Көргенде көз емес жүрек жылайды. Қамқоршымызға айналған қайратты ағамның қамыққан жүзін алғаш көрдім. Кеңірдегіме бір өксік келіп тығылды. Сәл босаңсысаң жанарыңнан жас төгілердей, әзер шыдап бақтым. Ағам қалтасынан ақшасын алды да, сол жерде қатарласа тұрған нан сатылатын дүкендердің біріне кіріп кетті. Алып-ұшып әлгі нанды балақайға берді. Қуаныштан жанары жарқылдап шыға келді. Алғысын айтып, бір үзімін аузына салды да қалған бөлігін кішкентай дорбасына тығып қойды. Аңтарылып біз қалдық. Қасына жайғасып, жәй-жапсарын сұрадық. «Балақай қарның ашпады ма, неге нанды жемедің? Ата-анаң қайда?». Бетімізге қарап, біраз ойланды. «Әкем жоқ. Анам болса науқас қарындасыма қарап үйде отыр. Ол қатты ауырады. Оған дәрі алмақ түгілі тамаққа ақшаны әзер табамыз». Бұл сөздерді айтқанда бала жүрегі қақ жарылып, мөлдір бұлақ арнасынан тасып, кір шалған бетін жуып, әр жерден бір аяқ із қалдыра берді, қалдыра берді. Жанардағы жасты іркіп қалу бізге де мүмкін болмады.
«Сендей қамқоршысы бар қарындасың неткен бақытты. Жылама! Әлі-ақ, бәрі де жақсы болады». Бұл менің алғашқы рет біреуге басу айтқан сөздерім еді. Ағам қалтасындағы азғантай ақшасын ойланбастан қолына ұстата салды. «Жүр кішкентай батыр сені үйіңе жеткізіп салайын» деп жетектеп көлікке қарай қадамдады. Бұл кішкентай мейірім баланың бүкіл өміріне жетердей мәз-мейрам. Жақын маңда тұрады екен. Тез жеттік. Екі бөлмелі, шағын үй. Сырты сыланбаған. Терезесі қырық жамау. Жел ашуына мінсе аман қалмасы анық. Белі майысқан кемпір секілді, құлаудың алдында тұр. Қаншалықты ұзаған сайын қимастық сезім күшейе түсті ме, әйтеуір артымызға қарайлай бердік. Осы күн көпке дейін көкейімнен кетпеді. Бірақ, бала көңіл өзге қызықтарға ауып арада уақыт өткен соң ұмыттырып жіберді.
Уақыт зымыран ғой шіркін! Көзді-ашып жұмғанша 2-3 жыл өтті. Мен арман қуып жоғарғы оқу орнына қалаға кеттім. Ағам айтқанымның бәрін де жасады. Оның шексіз көңілінде ештеңеге шекара жоқ екенін айналасындағылардың барлығы білетін. Бір күні жанымды дір еткізер бір хабар келді. Анам қоңырау шалғанда даусының дірілінен-ақ сезген болатынмын. «Ағаң жол апатына ұшырап ауруханаға түсті. Қорықпа, бәрі жақсы жәй ауырсынып қалған» деп жұбатып әлек. Өне бойымда қан жүрмей қалғандай. Әп-сәтте айналам сүреңсіз суретке айналды. Өзегімдегі өксік жұлқынып, жанымды қояр емес. Таң сәріден ауылға тарттым. Анамның алдағанын сол сәтте-ақ сезгем. Жансақтау бөлімінде ес-түссіз жатыр. Атам, әкем, анам. Бәрінің көздері кілкілдеп ісіп кеткен. Астанадан ұшақпен дәрігер келеді, жағдайы тым ауыр дегенде анамның жүрегі тоқтап қала жаздады. Бір қорқыныш санамызды биледі. Дегенмен, үміттің қыл арқаны үзілмейді. Аллаға мың шүкір ағам аман. Есін жия сала мені іздеді. Кішкентайымнан артынан қалмай, біреу ренжітсе «ағама айтам» деп қорқытып жүретінмін. Содан ба, мені ерек көріп, бар ықыласын төгеді. Көп үміт артады. «Көрдіңдер ме, бірінші мені іздеді» деп қуанғаннан төбем көкке жетті. Қасынан бір елі алыстағаным жоқ. Сонда білдім. Оны ауруханаға дер кезінде әкеліп, аман қалуына сеп болған бір кездері біз базарда көмек берген «Сабалақ» балақай екен. Апатқа ұшырағанда айналасында тірі жан болмаған көрінеді. Көлігі ырқына бағынбай жол шетіндегі бағанаға соғылып, басынан қатты соққы алады. Есінен танып, қансырап жатқан ағамды әлгі бала көріп қалып, бірден таниды. Ол айналадағы үйлердің біріне кіріп көмек сұраған. Сол жерде алғашқы көмек көрсетіліп, жедел жәрдем шақырған.
Содан не керек әлгі баланы іздеп, бұрынғы мекен-жайына бардым. Үйдің сырты сыланып, терезесі жаңаланған. Едәуір жақсарған. Ішкі бөлмеден құтқарушы батырымыз шықты. Алғысымды жаудырып, Алладан оларға ұзақ ғұмыр сұрадым. Сол мезетте оның айтқан сөздері өмір жолында үлкен сабақ болып келеді. «Ғабит аға мен үшін ерекше адам. Ол кісі қолына не түседі соның жартысын ылғи да бізге әкеліп беріп тұрды. Қарындасым да айықты. Анам жұмыс жасап, біз мектепке барамыз. Тек маған емес ай сайын біз секілді тіреуі жоқ жандарға көмек қолын созды. Бірақ соны бір жерде айтып, мақтанғанын көрген емеспін. Сол кісінің артынан еріп, басқан ізін басу мен үшін мақтаныш. Тіпті Ғабит ағайдан қазақ күресінен сабақ та аламын. Оның бізге жасаған ізгілігі, менікімен салыстыруға келмес» – деп мақтана айтқанда көңілім бір марқайып қалды.
Мен соқыр болып келіппін. Мүлдем көрмеймін. Осы уақытқа дейін бір жақсылық жасадым ба? Мені Алла қай ісім үшін өмірге қайтарады екен? Міне, осындай ой санаға сап ете қалды. Бір үзік ойдың өзі өміріңді түгел өзгертуге шамасы жетеді. Ауруханаға барып ағамнан «қаншама қайырымды іс жасағансыз, оны неге бізге айтпадыңыз деп өкпелеген сыңай таныттым. Сонда бұрын Мәдине қаласында бір соқыр яхуди(еврей) күн сайын базарда тұрып алып: «Мұхамедке ермеңдер! Ол өтірікші, сиқыршы, жаман адам», – деп айқайлайды екен. Ал, Пайғамбарымыз (с.ғ.с) өзін жамандаған соқыр яхудиге күнде тамақ алып барып, өз қолымен тамақтандырады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) бұл қайырымдылығын өмірінің соңына дейін жалғастырады. Бір күні Пайғамбарымыз (с.ғ.с) дүниеден озады. Әлгі яхуди Пайғамбарымызды (с.ғ.с) жамандауын тоқтатпай, әрі өзін үнемі тамақтандырған адамды күтеді. Содан бір күні Әбу Бәкір (р.а) өзінің қызы Айшаға (р.а.) келіп: «Ей, Айша! Пайғамбарымыз (с.ғ.с) өмірінің соңғы күндерінде не істеді, қандай сүннет қалдырды? Мен де соны жасайын», – дейді. Сонда қызы «Ол базарға барып бір соқыр яхудиді үнемі өз қолымен тамақтандыратын», – деп жауап қатады. Бұны естіген Әбу Бәкір (р.а.) тамақ алып базарға барып, әлгі яхудиді тамақтандырмақ болады. Сонда соқыр яхуди: «Сен кімсің?» – деп сұрайды. Әбу Бәкір (р.а): «Сені үнемі тамақтандырып жүрген адаммын» – дегенде, яхуди «Өтірік айтпа, ол сен емессің» – дейді. «Неге олай ойлайсың» – деп сұраған Әбу Бәкірге (р.а) соқыр: «Ол мені өз қолымен тамақтандырғанда оның қолынан сондай жылылықты, мейірімді сезінетін едім» – деп жауап қайырады. Сонда Әбу Бәкір (р.а) «Ол Алланың елшісі Мұхаммед еді ғой», – деп көз жасына ерік береді. Әлгі еврей «Мұхаммед дейсің бе» – деп екі-үш қайтара сенбей сұрайды. «Мен оны осы күнге дейін жамандадым, ауыр сөздер айттым, ол болса сөкпеді, қой деп те айтпады» – деп жылайды. Кейін соқыр: «Сен кімсің?», – дейді. Әбу Бәкір: «Мұсылмандардың бірінші халифасымын», – дейді. Яхуди сол жерде: «Алладан басқа тәңір жоқ, Мұхаммед оның құлы әрі елшісі екендігіне куәлік етемін», – деп мұсылман болған екен. Міне, қайырымдылық деп осыны айтады. Қайырымдылық деген қайтарымсыз көмек дейді. Ол жалған. Алла әр ісіңе бір қайыр береді. Оны жарияға жар салудың керегі жоқ. Алла бәрін де көріп тұр. Қайырымдылық жасаймын деп жүрегің айқайлап тұрса, соны сен ести білсең болғаны деп, өмірлік сабақты бір ғана мысалға сыйғызып берді.
Бұл күндері Ғабит Дүйсебаев Жаңақорған ауданында мал шаруашылығымен айналысып жүрген кәсіпкердің бірі. Отар-отар қой мен ірі қараның санын арттырып, ет бағытында экспортқа шығаруға жұмыс істеуде. Сонымен қатар, көптеген қайырымдылық іс-шараларының демеушісі болып жүр.
Иә, адамзат біткенді ақ пен қара, жақсы мен жаман, адал мен арам бәсекелес жүрген заматта ара жігін ажыратып, шалыс басудан сақтасын. Жүректе иман, көзде нұр, көңілде сыр болары нақ. Тек оның бәрін жарнамалаудың әсте қажеті болмас. Әрбір мұсылман оны сезіне де сезе де алады.
Гүлнәр ДҮЙСЕБАЕВА
ҚР Журналистер Одағының мүшесі
07 мамыр 2021 ж. 219 0