«Суретін сөз баяндап жеткізе алмас…»
Қазақтың кең байтақ даласының әр қиырының өз ерекшелігі бар. Бірі тарихымен, бірі табиғатымен таңғалдырады. Солардың арасында ақындар жырға қосқан жер жәннаты – Жетісудың орны бөлек. Өзен-көлдері, тау-тасы, жазық даласы, жанға жайлы ауасы – бәрі-бәрі бір көргеннен көңіл түпкіріне орнай қалады. Ұшар басын бұлт жапқан тауларға, бөктеріндегі қалың шырша мен қарағайдың сұлулығына көзің тоймай қарайсың. Қарайсың да осындай әсемдіктің өз еліңде, өз жеріңде болғанын мақтаныш етесің.
Жол басы немесе «Атамекен» тағылымы
Жақында Алматы облыстық әкімдігінің, ішкі саясат басқармасы, «Jetisu Media» КММ ұйымдастыруымен БАҚ өкілдері арасындағы I республикалық PRESS SUMMIT өтті. Саммитке талдықорғандықтартармен қатар Атырау, Қарағанды, Қызылорда, Павлодар, Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларынан келген баспасөз хатшылары, газет және сайт тілшілері қатысты.
PRESS SUMMIT-ке қатысушылардың алғашқы аялдаған нысаны – Алматы облысы Қарасай ауданындағы Шамалған ауылы. Бұл – ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев дүниеге келген жер. Жан-жағын тау қоршаған, ауылдан гөрі шағын қала десе жарасады. «Менің үйім тауға таяу бөктерде созылып жататын. Күн сайын таңертең оянған бойда көзім осы тау бөктеріне, одан әрі ақбасты асқақ Алатаудың қарлы шыңдарына түсетін. Ағарған осы қарлы шыңдар көк Тәңірінің мекені іспетті. Қол созым жерде тұрса да, жеткізбестей, кереметтей алыс көрінетін» деп суреттейді бұл жерді Нұрсұлтан Әбішұлы өзінің «Еуразия жүрегінде» атты кітабында.Осындағы «Атамекен» тарихи-мәдени орталығының бірінші залы Елбасының балалық шағы мен мектептегі кезіне арналған. Онда фотосуреттер, макеттер, осы ауылдың табиғаты бейнеленген суреттер, музыкалық аспаптар қойылған. Нұрсұтан Әбішұлының өмір жолы мен қызметінен тағылымды сыр шертетін экспонаттар, әр жылдарда жарық көрген кітаптары, пайдаланған үкіметтік автокөлігі де осы жерде. Тәуелсіздік кезеңіне, әлеуметтік-экономикалық дамуына, ауылшаруашылығы, өндіріс, медицина, спорт және оқу-білім мен ғылымдағы, ғарышты игеру саласындағы жетістіктерге орын берілген. Елбасының туған топырағындағы орталық оның өмірі мен қызметіндегі айшықты сәттердің барлығын қамтып, сол арқылы өскелең ұрпаққа патриоттық тәрбие беруге бағытталған.
«Үшқоңырдағы» болашақ чемпиондар
«Үшқоңыр» спорт кешені сияқты ғимарат ауыл тұрмақ, қалада кездеспейді. Түгелімен заманауи құралдармен жабдықталған. Сырт келбетінің өзі ерекше. Мұнда волейбол, футбол, бокс, күрес, жүзу сияқты 18 спорт түрімен айналысуға барлық жағдай жасалған. Кешендегі жүзу бассейні соңғы үлгіде жабдықталған. Көрермендерге арналған орынның, әр залдың жарақталуы да соңғы үлгіде. Аумағы атшаптырымдай кешеннің жеңіл атлеттерге арналған жолағы, теннис ойнайтын алаңы да бар. Мұнда тек Шамалғанның емес, жақын елді мекеннің балалары да келеді. Жаттығу кестесі мектептегі сабағына кедергі келтірмейтіндей етіп жасалған. Тағы бір айтарлығы, үйірменің бәрі тегін. Жаттықтырушылар өз тәрбиеленушілерінің арасынан Әлем, олимпиада чемпиондары шығатынына сенеді. Несі бар, жеңімпаздар ауыл балаларының арасынан шығады емес пе?
Қарасай ауданындағы «Батыр бабаларға тағзым» мемориалдық кешенінің сырт келбеті киіз үй сияқты. Ішіне енсеңіз, сақ заманынан Алашордаға дейінгі ғұн, түркі дәуірі, Алтын Орда, қазақ хандығы жайындағы мағлұматтар мол. Қазақтың қатпарлы тарихындағы жоңғар шапқыншылығы, ұлт азаттық көтерілістер жайындағы мәліметтер сыр шертеді. Ел билеген хандар мен қара қылды қақ жарып төрелік айтқан билер, қол бастаған батырлар, олар ұстаған қарулар туралы көп жайға қанығуға болады. Жетісу жеріндегі қазақ ұлтының тағдырын шешкен «Орбұлақ», «Аңырақай» шайқастары, оған қатысқан батырлар туралы дерек іздеушілер осы жерден мол қазына табады. Біріккен қазақ қолының жоңғар басқыншылығына қарсы бетбұрыс жасаған ең ірі жеңісі жайлы айтылғанда, ұлттың бірлігі мен тұтастығына, күш біріктіріп, тізе қосып, жауын жеңген батыр бабалар ерлігіне бас иесіз.
«Халық – менің шын атым…«Одан әрі Жамбыл ауданына қарай жол тарттық. Жыр алыбының ауылына келіп, оның әдеби-мемориалдық музейіне арнайы тоқтадық. Музей меңгерушісі Салтанат Тезекбайқызы Жамбылова – ақынның немересі. Алдымен музей үй орналасқан бақтың төріндегі Жамбыл бабамыз жерленген орынға барып, дұға бағыштадық. Кесене 1946 жылы салынған, 125 жылдығында, одан кейін де бірнеше рет күрделі жөнделген. Күмбезі биіктетіліп, алдына ақынның киелі қызыл жолбарысы мен домбыра мүсіні қойылған.
Ақынның оң жағында атақты композитор Нұрғиса Тілендиевтің мәңгілік мекені. Онда ұлы күйші-композитордың оркестрге дирижерлік жасап тұрған ескерткіші орнатылыпты. Мәрмәр тасқа «Өскен жерге сыймай кетіп барады, өскен жерін қимай кетіп барады» деп, әйгілі әннің сөзі қашап жызылыпты. Мұнда да тізе бүгіп, Құран бағыштадық.
Музей орналасқан 12 бөлмелі үйді 1938 жылы Жамбыл 92 жасқа толғанда Қазақстан Үкіметі салып беріп, көлік мінгізген. Үйдің 6 бөлмесі ақынның тірі кезіндегі қалпын әлі күнге дейін сақтап тұр. Жиһаздары, ыдыс-аяқтары сол күйінде. Соғыс кезінде Мәскеудің Үлкен театры Алматыға қоныс аударғаны белгілі. Сол кезде балерина Г.Уланова, режиссер С.Эйзенштейн сәлем бере келіп, сыйлаған самаурын да осында. Үкімет қарт ақынды қамқорлығына алып, жеке хатшы, дәрігер, аспаз бекіткен. Бұл үй 1947 жылы музейге айналған. 1996 жылы оған жанамалай бөлмелер қосылып, мәжіліс залы салынды. Онда ұстазы Сүйінбайға, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісіне, ақынның шығармашылығына арналған бұрыштар бар.
Музейде ақынға көзі тірісінде сыйға тартылған, қайтыс болғаннан кейін салынған картиналар мол. Тарихи фотосуреттердің де қоры әжептәуір. Бүгінге аңыз боп жеткен Жамбылдың қызыл жолбарысы да қылқалам шеберлерінің қиялынан қағазға түсіпті. Ақын жырының киесі – қызыл жолбарыс атпен жүрсе, ізіне еріп, көлікке мінсе төбесінен бұлт болып ілеседі екен. Жыр алыбы көз жұмарының алдында Алатау жақты нұсқап, жолбарысының тау асып кеткенін айтыпты.
Жүз жасаған ақынның мәңгілік мекенінен, тұрған үйінен іштей ізгі тілек тілеп аттандық.
Жамбыл ауданының Қасымбек ауылындағы «Тексан Қазақстан Инвест» зауыты – үй, көше, тұрмысқа қажетті шамдардың түр-түрін және металл құрылғыларын шығаратын бірден-бір кәсіпорын. Мұнда жарық диодты шамның 350-ден астам түрі өндіріледі. Шеберлер қолынан шыққан оқушы партасы, көшеге, саябаққа арналған орындықтар, кеңсе сейфтері, терминалдар сұранысқа ие. Кәсіпорынның бес қалада бөлімшесі, 12 аймақта ресми өкілдері бар. Мұнда 130 адам еңбек етеді, 95 проценті жергілікті тұрғындар.
Өндіріс орны өткен жылы 200 мың өнім шығарып, отандық нарық сұранысының 70 процентін өтеген. Сонымен бірге өнімдері жақын шетелдер мен Парсы шығанағына, Латын Америкасына эспорталады. Жыл сайын зауыттың техникалық жарақталуына 500 млн теңге инвестиция жұмсалады.
«Ойқарағайдағы» ой-пікірлер тоғысы
Талғар ауданының «Ойқарағай» демалыс аймағында ұйымдастырылған PRESS SUMMIT-ке қатысушылардың басқосуына Алматы облысы әкімінің орынбасары Рустам Али арнайы келді.
– Үш күндік іс-шараны облыстық ішкі саясат басқармасы, «Jetisu Media» КММ орталығы Орталық коммуникация қызметі өкілдерінің атсалысуымен өткізуде. Қарасай, Жамбыл, Талғар және Ұйғыр аудандарындағы сапар Елбасының туған жеріндегі «Атамекен» тарихи-мәдени орталығынан басталып, алдағы жылы 175 жылдығы аталып өтілетін Жамбыл бабамыздың музей-үйінде жалғасты, – деді ол. Облыс әкімінің орынбасары Жетісудың туристік әлеуеті, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы қысқаша ақпарат айтты. Басқосудың мақсаты ақпарат алмасудың механизмдері, алгоритмдері мен тенденциялары туралы пікір алаңын қалыптастыру екеніне тоқталды.Одан әрі қоғамдағы ақпараттық күрес, өңірдің оң имиджін қалыптастыру, фейк ақпараттар, СММ трендтері, аймақтық деңгейдегі РR саясаты, тағы басқа тақырыптар төңірегіндегі мәселелер қызу талқыланды. Атырау облысы әкімінің баспасөз хатшысы Ержан Қалымбайұлы, Алматы қаласы әкімдігі баспасөз қызметінің маманы Баян Әлтай, Мәдениет және спорт министрлігі баспасөз қызметінің сайт редакторы Шамкен Байырбек жұмыс барысында туындайтын қиындықтар мен қателіктер туралы ой бөлісті. Қазақ журналистикасындағы кальканың қалып алуы, пресс-релиздер сауаттылығы туралы да пікірталас өрбіді.
«Ойқарағай» тау шаңғы кешені Талғар ауданындағы Бесқайнар ауылының аумағында орналасқан. Алып Алатаудың құйқалы баурайындағы қысқы туризмді дамытуға аса қолайлы жер екен. Мұнда шаңғы, сноубордпен, үрлемелі баллонмен сырғанаушылардың, таудың саф ауасымен тыныстауға келгендердің қарасы қалың. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында салынған, аумағы 85 гектар кешен күніне 500 адамды қабылдап, қызмет көрсетеді. Қарағайы мен шыршасы қалың таудың табиғаты тамылжып тұр.
Ұйғыр ауданы Шонжы ауылындағы ыстық су көздерінің емдік қасиеті туралы бұрын естігенмен, жол түспепті. Мұнда бірнеше демалыс орны бар. Дәл қазіргі уақыт – суға түсу маусымының қызған шағы. Теңіз деңгейінен төмен орналасқандықтан су көзі жақын. Ыстық су – буын ауруларының шипасы. Сондықтан демалушылар көп. Қазір демалыс орындары тек қыста ғана емес, жыл бойы қызмет көрсетуге көше бастапты. Біз барған Eco Park келушілерден алдағы бірнеше айға тапсырыс қабылдап қойған.
Осы жерде үш күндік басқосу қорытындыланып, бейресми, танымдық форматта өткен саммиттің артықшылықтары айтылды. Jetisu Mediaлықтар спич форматындағы кездесу ұйымдастырып, «Баспасөз хатшысынан спичрайтерге дейінгі деңгей», әкімдіктердің әлеуметтік желілердегі парақшасын жүргізу сияқты тақырыптарды талқылауға ұсынды.
– Негізгі мақсатымыз – еліміздің түкпір-түкпірінен келген әріптестерге Алматы облысының көрікті жерлерін көрсетіп, өзара пікір, тәжірибе бөлісу. Басқа аймақтағы журналистердің дәстүрлі және жаңа медианың беталысы туралы ойларын тыңдау. Үш күн бойы көп мәліметке қанығып, барлығымыз үшін пайдалы ақпараттар алдық деп ойлаймыз. Алда мұндай жобаларды дәстүрге айналдыруға тырысамыз, – деді бізбен қоштасарда Jetisu Mediaлықтар.
Р.S Алматыға жеткенше қас қарайып кетті. Кешкі уақытта еліміздегі ең ірі мегаполистің тыныс-тіршілігі, көлік қозғалысы қарбаласып жатыр. Әр аймақтан жиналған әріптестер біріміз әуежайға, біріміз теміржол вокзалына қарай асықтық. Үш күн бойы көңілге түйгенімізді, көзіміз тойған көріністерді есімізде ұзақ сақтайтынымыз анық.
Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА,
Қызылорда – Алматы – Қызылорда.