Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Айға дейін жаяу 20 рет барып қайтамыз

Айға дейін жаяу 20 рет барып қайтамыз

Қазіргі заманның өмір сүру салты, яғни адамның қимыл-қозғалысының азаюы салдарынан жүрек-қан тамырлары аурулары, қант диабеті, простатит, бүйрек және бауыр аурулары сияқты дерт көбейіп, қаншама есіл азаматтар ажал құшуда. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының болжамына сүйенетін болсақ, бұл қорқынышты деректер жылдан-жылға ұлғая бермек.

Әлемнің ғұлама ғалымдары денсаулықты сақтаудың ең оңай жолы, ең қолжетімді әрі тиімді әдісі ретінде таза ауада жаяу журуді ұсынады. Жапон ғалымдарының пікірінше, әр күн сайын, тәулігіне 10 мың қадам жаяу жүрген адамдардың дендері сау әрі жоғарыда аталған аурулардан ада болады. Бірақ біздің азаматтар жаяу жүрмейді, таяқ тастам жерге де көлікпен жүргенді дұрыс көреді, өйткені, көпшілігі жаяу жүрудің зор денсаулықтың кепілі екендігін, аталған аурулардың алдын алатынын білмейді. Ал білетіндері жаяу жүруге ерінеді, оған ықпал ету тағы жоқ. Жаяу жүріп бой жазу – ең жақсы жан қиналмайтын дене тәрбие түрі. «Гимнастика, дене жаттығулары, жүріс, жұмыс істеу қабілетін, денсаулығын, толыққанды әрі бақытты өмірін сақтағысы келген әрбір жанның күнделікті тыныс-тіршілігіне айналуға тиіс» деген екен медицина ілімінің негізін қалаушылардың бірегейі Гиппократ. Расында, егер «Әйел адам 4 сағат жаяу жүрсе, миға қан құйылу мөлшерін 4 есе төмендетеді екен. Соңғы зерттеулерге қарағанда, Испания зерттеушілері 90-шы жылдардың орта мезгілінен бастап, 33 мың сынаққа қатысқан ер-әйелге дене тәрбиесі және денсаулық жағынан көлемді тексеру жасаған. 12 жылдық зерттеу қызметі барысында сынаққа қатысқандардың ішінен жалпы 442 адамның миға қан құйылу ауруына шалдыққанын байқаған. Ал аптасына 210 минут жаяу жүрген әйелдердің миына қан құйылу қатері спортпен шұғылданбайтын әйелдермен салыстырғанда төмен болған. Үнемі жаяу жүретін әйелдердің миына қан құйылу қатері 44 пайызға төмендеген. Ал спортпен үнемі шұғылданатын ерлерде миға қан құйылу қатері байқалмаған. Осы сынақ нәтижесі дене әрекетімен шұғылданған жағдайда миға қан құйылу қатерінен анағұрлым жақсы сақтануға болатындығын дәлелдеп берді. Дана халқымызда «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген нақыл бар. Шындығында, кімде-кім денсаулығын күтіп, барлық жағдайын жасағаннан ұтпаса ұтылмайтыны анық. Бұған әсіресе, күн шығыс елі атанған – Жапония халқының көпшілігі ерекше көңіл бөліп, дене қозғалысы мәдениетін өз өмірлерінің саналы да ажырамас бөлшегіне айналдырғалы қашан?! Олар аяқтарына шақырымды көрсететін өлшегіш құрал байлап алатын көрінеді. Бұл бір жағынан цифрлы технологияның дамығанын да аңғартады. Егер күн сайынғы белгіленген қашықтықты жүріп өтпесе, түрлі жаттығулар арқылы толықтыру олар үшін бұлжымас заңдылық ретінде қалыптасқан. Елбасы Н.Назарбаев «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында сандық технологияны жетік меңгерген озық мемлекеттер қатарына енеміз деген болатын. Ендеше, жапондарша жаяу жүру мәдениетін әзірден қалыптастыра бергеніміз жөн-ақ. Адам жетпіс жас ғұмырында 100 тоннаға жуық тамақ ішіп-жейді, бұл оның өз салмағынан 1250 еседей артық. Теңіздер мен өзендерден алынатын өнім адамзат азығының тек бір пайызын құрайды. Ал су барлық жер бетінің 75 пайызына жуығын алып жатқанын білетін боларсыздар. Алайда, күн сайын мөлшермен 20000 қадам, жыл сайын 7 миллион және бүкіл өмірі ішінде 50 миллион қадамға жуық жол жүретіндеріңізді есептеп көрдіңіздер ме? Демек бұл айға дейін 20 рет барып қайтқанмен тең екен. Қазіргі кезде ғалымдар аптасына кем дегенде 150 минут дене әрекетімен шұғылдануды, сондай-ақ әр аптада екі жарым сағат жаяу жүруге кеңес береді. Олай болса жуырда ғана босағадан аттаған тышқан жылында салауатты өмір салтын ұстанайық. Бойына сенген түйеден жылдамдық танытқан кішкентай ғана тышқан секілді сергек болайық.

Г.ДҮЙСЕБАЙ


06 қаңтар 2020 ж. 465 0