Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қамшы туралы мәлімет

Қамшы туралы мәлімет

Қамшы туралы мәлімет

Баға жетпес ұлттық құндылығымыздың бірі – қамшы. Бұл бүгінде әр қазақтың шаңырағына сән беретін ұлттық бұйым. Халқымыздың тұрмыс-тіршілігінде, салт-дәстүрінде қамшының алатын орны ерекше. Ол бірегей өнер туындысы ғана емес, сый-сыяпаттың төресі, ер жігіттің серігі, шаңырақтың киесі саналған. Сол себепті, әрбір қазақ қамшының қасиетін біліп жүруі керек. Осыған орай, Stan.kz ақпарат агенттігі назарларыңызға қамшы туралы мәлімет ұсынады.
Қамшы жасалуына, қолданылуына байланысты бірнеше түрге бөлінеді. Оның әрқайсысының атқаратын қызметі, мақсаты, мағынасы да бар. Қамшының түрлері туралы айтар болсақ, оның сүндет қамшы, неке қамшысы, баптау қамшы, бәйге қамшы, соп қамшы, аңшы қамшы, көкпар қамшы, үйір қамшы, барымта қамшы, дойыр қамшы, ноғай қамшы, бәсіре қамшы деген түрлері бар. Ал қамшы жасайтын адамдарды өрімші деп атайды. Қамшы өрілетін таспа санына қарай, үш өрімнен бастап, қырық өрімге дейін барады. Әдетте, қамшыны екі жасар серке, болмаса құнан өгіздің иі қанған терісінен өріп дайындайды. Ал бұрынғылар қамшы сабының өлшемі ретінде төрт, жеті тұтам аралығындағы ұзындықты таңдап алған. Бұл туралы ғалым Шоқан Уәлиханов өз естеліктерінде былай деп жазған: «Қамшының сабының өлшемі шындақ пен жұдырықтай не 7 тұтам, өрімнің ұзындығы бес алақанның көлеміндей, тұтаммен есептегенде өрімі сабынан бір-екі тұтам ұзын болуы керек».
Қазақта қамшыны ұстау мен қолданудың тәрбиелік мәні мен ережелері бар. Яғни, қамшыны әдетте, оң қолға екі бүктеп ұстайды. Қамшы өрімін салбыратып ұстау дұшпандықтың, әдепсіздіктің белгісі деп танылған. Сондай-ақ, жөн, жол көрсеткенде де саусақпен емес, қамшымен нұсқайтын болған. 
Бұл бұйымның жасалуы туралы айтар болсақ, былғарыны пішіндеп кесіп, айналдыра өрнектеп тесіп, маржандай жарқыратып өрімін өріп, сәндеп бояу арқылы көз қызығарлықтай етіп қамшы жасауға болады. Ал осындай келіскен қамшыны көргенде қызықпау мүмкін емес. Қамшы жасалу ерекшелігіне, қолданылған материалына, ерекше салынған өрнегіне байланысты тобылғы қамшы, сарыала қамшы, ырғай сапты қамшы, шашақты қамшы деп түр-түрге бөлінеді. Қамшы мынандай бөліктерден тұрады: сабы, өрімі, алақаны, бүлдіргісі, сақинасы, шашағы, өзегі, түйіні, шырмауығы. Осылардың ішінде қамшының сабына ерекше көңіл бөлінеді. Оны тобылғыдан, ырғайдан, еліктің, киіктің сирағынан немесе таутекенің мүйізінен жасайды. 
Кейбір деректерге сүйенсек, қамшы – ат қамшы, дырау қамшы, дойыр қамшы, дүре қамшы, ұзын қамшы секілді тағы да басқа бірнеше түрге бөлінеді.
Әрбір қазақ шаңырағы қамшыны әрі қару әрі қастерлі мұра санаған. Қазірде де көп үйдің төрінен ілулі тұрған қамшы көреміз. Бүгінде қамшы жасау өнерінің қыр-сырын меңгеріп, ұлттық өнерді дәріптеп жүрген жандар көп. Қамшыны жасау үшін алдымен теріні илеп, иін қандырып, қайыс дайындап шығару қажет. Оның сабы тобылғыдан, арқардың мүйізінен және еліктің тұяғынан жасалады. Қамшының қасиетін білген ұрпақ ата-дәстүрді аяқ асты етпейтіні анық. 
Халқымыз қамшыны ата-тегінің бір бөлшегі әрі қару ретінде қолданған. Ата-бабаларымыз қамшы арқылы өз көзқарасын, ниетін, қарым-қатынасын білдірген. Осыған байланысты мынадай ой-орамдар бар: Қамшысының ұшын да бермеді – болыспады, жәрдемдеспеді, жамандық, опасыздық істеді деген мағынаны білдіреді. Сондай-ақ, төбесіне қамшы ойнатты сөзі – қорқытты, сабауға ыңғайланды, қорлық, зорлық көрсетті, басынды деген мағынада. Ал, дау төртбұрышты, қамшы екі ұшты сөзі – даудың себебі әр қилы, бірақ шешімі не «ақ», не «қара» болады деген ойды меңзейді. Сол секілді, қамшысын білемдеді деген сөз бар. Ол қамшының сабы мен өрімін қосып, екі бүктеп ұстауды бейнелейді. Негізгі маңынасы қыр көрсетті, қоқандады, кіжінді деген ұғымды береді. 
Қамшының тарихы ата-дәстүрде жатыр. Қазақ халқы көшпенді ел бола тұра салт-дәстүрді берік ұстанған. Болашақ ұрпақтың мықты болуын көздеп, қан тазалығы үшін жеті атаға дейін қыз алыспаған. Құда түсу әдебімен ұл пен қызды қосып, шаңырақ көтерген. Осындай дәстүрдің бірі – қамшы ілу. Ұлына қалыңдың іздеген жігіт әкесі бойжеткен қызы бар әулеттермен біліседі. Болашақ құдаларының текті болғанын қалап, ыждахаттылықпен сұрастырады. 
Қазақтың өмір сүру қалпы малмен байланысты. Атқа мініп, көкпар тартқанда ата-бабамыз қолынан қамшысын тастамаған. Қамшы қазақтың тұрмысы мен мәденитінде үлкен орын алады. Сондықтан қызы ұнап, құдасымен сөз байласқан келушілер қолындағы қамшысын үйдің оң жағындағы керегесіне іліп кетеді. Салт бойынша қыз жақ жауабын беруі тиіс. Егерде қыз әкесі келісімін берсе, қамшы сол орнында ілулі тұрады. Ал, құда болуға келіспесе, қамшы қайтарылатын болған. Дәстүр бойынша құдаласқан қазақ жекжаттығын осындай ата-жолмен жасаған.
Тағы нұсқа бойынша, алдымен жігіт қыз көруге барады. Сол кезде қыз да ұл да өз өнерін көрсетіп, ән салып, өлең айтқан. Ал, қыздың ата-анасы шаңырағына келген қонақтарды күтіп, шығарып салады. Егер, жігіт қызды ұнатса, кетерінде қолындағы қамшысын кереге көзіне іліп кетеді. Бұл қыз ұнады, құда түсуге келеміз деген белгі. Қамшыда – қамшының сабындай уақытта қыз бен жігіт табысса, біз қыз бен жігітті біріктіреміз деген тәрбиелік мән жатыр. Бұны үй иесі аятпай-ақ сезген. Үй иесі кеткен қонақтардың артынан босағада ілулі тұрған қамшыға қарап, ол кісілердің жайдан-жай келмегенін сезген. Ал қамшының бедері, оның таспен безендірілгені, өрімі құда түсіп келген кісілердің әл-ахуалын білдірген. Егер, қызға жігіт ұнамаса, қамшыны жаушыдан қайтарып беретін дәстүр болған.
25 сәуір 2019 ж. 3 226 0