Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Тұғыры биік Тұрмат

Тұғыры биік Тұрмат


Сүйінші хабар! Сот саласының ардагері жерлесіміз Тұрмат Баймағамбетке Қазақстан Республикасы Судьялар одағының шешімімен облыстық сот төрағасы Қамбар Нұрышев «Үш би» құрмет белгісін салтанатты түрде табыстады. Бұл саналы ғұмырында билер ізінен тайқымай, әділдіктің ақ туын көтерген мәртебелі маманға берілетін ең биік марапат. Айта кетерлігі, Тұрмат Сабекұлы «Үш би» құрмет белгісін шежірелі өлкеде иеленген тұңғыш кәсіби судья.
Төле, Әйтеке, Қазыбек би. Тарихтан тартсақ, үш кемеңгер уағында қазақ даласының тұтастығы үшін тұтанған дауға әділ нүкте қойып отырған-ды. Шешімдері пәтуалы болғаны сондай, бұра тарту, қарсы соғу, қабақ шыту болмапты. Әз-Тәукенің «Жеті жарғысынан» жол тартқан билер төрелігі бүгінгі күнмен ұштасқаны кәміл. «Қалай, сонда?», – дерсіз. Тәуелсіз елдің төрелігі Ата заңға негізделген. Ал, «би» дегеніңіз, кәсіби судьялар. Сәл айырмашылығы егемен елдің дау шешерлері едәуір көп. Солардың ішінде ілкімді ісімен, әділ күшімен, кәсіби мысымен дараланатындары бір бөлек. Уақыт елегінен еленіп, бүгінде еселі еңбегінің зейнетін көріп отырған Тұрмат Сабекұлы сол бөлек биіктің өкілі.

Үш бидің ізімен
Қаз дауысты Қазыбек би 13 жасында бас болып, дау шешкенін білерсіз. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз де елдегі етжеңді іске ерте араласқан. 1964 жылы небары 18 жасында Шиелі аудандық сотына жұмысқа қабылданды. Әрине, ә дегеннен үлкен дауларға нүкте қойды деуден аулақпыз. Бір анығы, жастығына қарамастан тынбай ізденді. Ізденістің ізінде жүре, сот орындаушы, мемлекеттік нотариалдық кеңсенің нотариусы секілді бірнеше қызметтік сатыдан өтті. Ал, судьялық лауазымды 1986 жылы Қармақшы аудандық халық сотының судьясы қызметінен бастаған. Ол тұста жауапты сала маманын халық сайлайтын. Еселі еңбегінің нәтижесінде көпшіліктің ыстық ықыласымен бала Тұрматтың ұшқыр арманы қияға қонды. Осылайша сот саласындағы майданды жолы басталып кеткен-ді.

Мамандық майданы
Иә, кейде мамандық та майдан. Қалам ұстаған біздікі қарусыз майдан болса, сот саласындағы сардарлардыкі кәдімгі – қоғам майданы. Алдыңа түрлі тағдырлар келгенде, тосын әрекетін тосырқамай қабылдауың керек. Қабылдарын қабылдарсың-ау, шешім шығарар тұста шындықты шегелемесең – ар алдында сын. Оған қоса, мамандығыңа деген құрметсіздік болар. Тұрмат Сабекұлы салмақты салада еңбек еткен ширек ғасырлық жылнамада 1000-нан астам іске нүкте қойыпты. 1000-нан астам! Ақиқатын айтайықшы, кейде біз өз өміріміздің шатасын жаза алмай жатамыз ғой. Ал, осынша тағдыр түйінімен бетпе-бет келу дегеніңіз, үлкен қауқар емес пе?! Осы сындарлы кезеңде сот саласының үздігі Қармақшы, Тереңөзек (қазіргі Сырдария), Шиелі аудандарымен қатар, Қызылорда қалалық мамандандырылған әкімшілік сотында жемісті қызмет етті. Бүгінде оның түрлі марапат биігінен көрініп, көпке сыйлы болуы мамандық майданында жеңіске жеткенін айғақтайды.

Бірге туған бауырларды бөлуге болмайды
Әлгінде айтқандай, «Үш би» құрмет белгісі са­лада мінсіз қызмет еткен судьяларға ғана бері­леді. Сондықтан, осы мақаланы жазар тұста әуелі кейіпкерімнің болмысына бойламаққа талпындым. Хабарласып, пікір алмасып, ой өрбіттік. Түсінгенім, кәсіби судьяның қаруы – заң, қамалы – сабыр екен. «Жүрекке жүгінер жерде біліміңе бой ұсынып, тепе-тең шешім шығаруың керек», – дейді өз ісінің шыңына шыққан маман.
Екеуара әңгіме барысында осыдан 30 жыл бұрынғы бір жағдайға тоқталды. Салмақты судья жанарын алысқа тігіп, ой орманынан орағытып айтқан істің нобайы мынау. Оқиға Тереңөзек аудандық сотының төрағасы қызметінде жүргенде орын алған. Екіге айырылған ерлі-зайыптылардың арасында төрт бала бар. Дәм-тұзы жараспаған әлгілер балаларын бөліп алмаққа талпынады. Сонда қырағы маманның шешімі қалай болды дейсіз ғой? Екі жақ жұлысқанына қарамастан «Бірге туған бауырларды бөлуге болмайды!» деп үкімге қол қояды. Әрине, шешім бойынша балалар анасының жағында қалған. Қарсы тарап шамданып, арызданған соң іс барысы облыстық сотта қайта қаралады. Үкіммен жіті танысқан білікті үш судья Тұрмат Сабекұлының шешіміне шүбә келтірмеген. Әңгімемізге тұздық болған бұл жағдай кейіпкеріміздің кәсіби қырын айғақтайтын бір ғана мысал. Жүрек жылуы мен заң үстемдігін қатар қойып, қаншама іске нүкте қоюдың жүгін енді өзіңіз бағамдай беріңіз.

Өнегемен өрілген өмір
Ол уақыты келіп, зейнетке шыққан қатардағы қызметкер емес. Доғарыстағы судья. Бұл шен сот саласында еңбек еткен екінің біріне беріле бермейді. Қызметтік жолда тек жақсы нәтиже көрсеткен майталман маманға ғана табысталады екен. Қызығы, Тұрмат ақсақал бүгінде жетпістің желкенін керсе де, саламен сабақтастығын үзген жоқ. Біте қайнасып жүр әлі. Былтыр аудан­да ашылған «Татуласу» орталығында тараптардың бейбіт келісімге келуіне атсалысып келеді. Ақылшы ағаның қажырлы еңбегі кейінгі ізбасарларына үлкен өнеге.
– Біз осындай марапатпен мәртебесі артқан аға буынның болғанын мақтанышпен айта аламыз. Тұрмат Сабекұлы өзінің адал жолынан тайқымай, кәсіби ұстанымына беріктігін көрсеткен маман. Бізге үнемі ақыл-кеңесін айтып отырады. Жуырда табысталған «Үш би» құрмет белгісі осы салада жүрген кім-кімге де арман. Сондықтан, біз жол көрсеткен ағамыздың шыққан биігіне талпынамыз, – дейді Шиелі аудандық сотының төрағасы Марат Күздеубаев.

Түйін: Әлгінде әңгіме басын әріден қаузадық қой. Үш биді айтамын. Олардың философиясына жүгінсек, қазақтың кемел кемеңгерлері бір-бірімен жарысқан жоқ. «Менікі дұрыс, сенікі бұрыс», – деп алыспады да. Көксегендері ұлан-ғайыр атыраптың әр пұшпағындағы жұртым жұмыр болсын деген ізгілік еді. Сөзімізге арқау болған кейіп­керіміз де осы ұстанымды өмірлік бағдар еткен. Бағдарының байыпты екенін біліп отырсыз. Демек, барлық жұмырбасты пенде мамандығы мен адамдығын қатар қамдаса, тіршілік нұрлана түспей ме?!


Е.ӘБДІЛДА.
15 қыркүйек 2018 ж. 1 862 0