Өскен өңір Шиелi аудандық қоғамдық-саяси газет
» » Ер еңбегімен елеулі

Ер еңбегімен елеулі


Туған жердің көркейіп, гүлденуіне үлес қосу әрбір азаматтың парызы. Қалың елі қайғырса қалқан, қабырғасы майысса сүйеу болатын азаматтарымыз баршылық. Олар бүгінде берегендігімен де, көрегендігімен де көптің алғысын алып жүр. Халықтың қажетіне жарар дүниеге қаражатын аяған емес. Шама-шарқынша қолғабыс беріп, қалтасындағысымен бөлісуге бар. Бүгін, біз сондай жандардың бірінің дала қойнындағы құтты ісіне куә болып қайттық.
Иә, туған жердің әр түлегі қай жерде, қандай қызметте жүрсе де атамекен – алтын бесігіне қарыздар. Өйткені, азамат бойындағы құнды қасиеттер ана сүті, әке қаны, туған жердің топырағы арқылы дариды. Кім адал еңбегінің арқасында ел құрметіне бөленсе, сол адамның өмірі ғибрат. Біз сөз еткелі отырған Пернебай Күзембай да осындай абзал азамат. 1990 жылдары Кеңес әскері қатарында Отан алдындағы борышын өтеп, 1991 жылы Алматы Сәулет құрылыс академиясына оқуға түседі. Жастайынан етін еңбекке пісірген П.Алтынбайұлы Алматы қаласында жүріп шағын кәсіпкерлікпен айналысады. Бизнес алаңына кішкентай адыммен енген ердің ісі жанданып, берекесі артады. 30 жыл Алматы қаласында түрлі бизнес­пен айналысып, сол жердің тұрғынына айналады. Шиелілік азаматтар ат басын бұра қалса, «жақыным, бауы­рым» деп қанатының астына алып, қамқорлық таныта кететін асыл қасиетін көпшілік аузынан тастамай айта жүреді. Біршама ауыл азаматтарын жұмыспен қамтып, өзінің ірі кәсіпорнын ашқан Пернебай тек Алматы қаласында емес, туған жері Шиелінің өркендеуіне үлес қосуды мұрат еткен жан.
Табиғат бойына дарытқан төзімділік пен қайсарлықтың арқасында шыңдалып, қиындықты жеңіп, алдына кесе көлденең тұрған бейнетті осылай еңсерген азаматтың бүгінде абыройы асқақ. Туған жерден алыс­тап шықса да, жүрегімен, тілегімен еліне жаны ашып жүретін П.Күзембай Бала би ауылының тумасы. Ауылдағы бауырларымен ата-анасына ата кәсіпті жандандыру үшін қол ұшын созып, ірі қара сиыр, түйе сынды түліктермен қорасын толтырады. Сүт, айран, құрт, шұбат ішіп, аққа жарыған отбасы «Күзембай Алтынбай» шаруа қожалығының ісін дөңгелетіп келеді.
2017 жылы Талаптан ауылдық округінің азаматтары П.Алтынбайұлына хабарласып, туған жерге келіп қызмет жасауға шақырады. Қашанда елім деп ауылына қарайлап жүретін азамат ауылдағы игерусіз жатқан шағын егіс алқабын қайта қолға алуға бекінеді. 1985 жылдың аяғына таман жем-шөп қорын жинақтау мақсатында қазіргі «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» тас жолының тау жақ беткейіндегі «Оқшы ата» мазаратына қарама-қарсы жерде жабайы алқаптан Кеңес үкіметі суармалы егістік алқабын ашады. Енді ғана қолға алына бастаған егістік жер Кеңес үкіметі құлаған сәтте қараусыз қалып қояды. Кейіннен тәуелсіздік жылдары кезінде 1990-2000 жылдардың тұсында қайта кішігірім күріш егумен айналысып бастағанымен көпке бармай тұралап қалады. Ен дала иесіз жатпасын деп көрші ауылдың диқандарына өткізгенімен жер игілігін көрген адам болмайды. Қаншама жылдан бері қараусыз қалған жердің тоз-тозы шығып, қалың қоға қаптаған. Жалпы, Талаптан ауылы Кеңес үкіметі кезеңінен бері бірыңғай мал шаруашылығымен айналысып, төрт түлігін төлдеткен халық. Егін шаруашылығына небәрі 500 гектар жерді бөлсе, қалған мыңдаған гектар жер мал өрістететін жайылымдық жерлер. Кепілде тұрған жерді қайта жандандыру бір келсе туған жердің түлегі П.Күзембайдың қолынан келеді деп ауыл адамдары үміт етіп, кәсіпкерге хабарласқанда сенімдері ақталып, үлкен қаражатты қажет ететін шаруаны ойланбастан орайына келтіреді. Осындайда «Бітер істің басына, жақсы келер қасына» деген тәмсілдің тауып айтылғанына таң қалмасқа шара бар ма?

Түртусіз жатқан жердің топырағын қопсытып, жер қойнына алтын дән себуді қолға алған Пернебай 400 гектарлық жерге 70-80 миллиондық «Torum 750», «Mc Don», «701», «XT3» маркалы жаңа техникаларды әкеледі. Тұңғыш Президент Н.Назарбаев «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында атап өткен ақылды технологияларды «Бала би» шаруа қожалығында кезіктірдік.
– «Torum 750» маркалы комбайн кейінгі шыққан технология. Смарт жүйеге негізделген комбайнның тетіктерін саусақпен түртсеңіз болды керекті функция іске қосылады. Ішінде ауа салқындатқышы да бар. Бұрындары комбайнның күмбірінен құлақ тұнып, қатты шаршаушы едік, ал қазір есікті жапқан сәтте даладағы дүбірдің бірі де естілмейді. Ақылды технологияның ең кереметі мен орнымнан тұрған сәтте комбайн автоматты түрде өзі өшеді» – дейді механизатор Әділ Бектұрғанов.
Иә, кімде-кім қиындықты жеңсе, бейнетті еңсерсе, ол адам өмірдің тәтті жемісін де татпақ. Тіпті, мұндай адамның өмір жолы кейінгі ұрпаққа үлгі, ал күреске толы тағдыры болашаққа жазылған хаттай болмақшы. «Бала би» өндірістік кооперативінің төрағасы Пернебай Күзембай: «Анам сауыншы, әкем мал дәрігері болып Шиелі ауданында қызмет етті. Менде өзімнің кіндік қаным тамған жерге өз үлесімді тигізу мақсатында осы егістік алқабын қайта инженерлік жүйеге келтіріп, каналдарды тазалау жұмыстарынан бастадым. Қолы қимылдағанның қыр асатынын алдыңғы буын ағаларымыздан көріп өстік. Сыр елі алтын дәні Ақмаржанымен дүйім жұртқа танылған киелі мекен. Жері құнарлы да қасиетті. Тамшы да тама-тама көл болатыны секілді шағын істің де берекесі бар. Еңбегімізге қарай еселі ризығымыз бар. Бүгінгі таңда 15 адам жұмыспен қамтылып отыр. Көктемгі, күзгі науқандарда қосымша 10 адам жұмысқа тартылады. Ұжым күріш өсірумен қатар бидай, жоңышқа егуді де қолға алып келеді. Күріш сушылары Құрманәлі ­Алшынбаев,­ Шәмшиддин Нұрғалиев, механизатор Әділ Бектұрғанов, Қаһарман Баетов сынды еңбекқор адамдар тынымсыз жұмыс істеп келеді. Алдағы уақытта осындай бос жатқан жерлерді игеруді жоспарлап отырмын. Ауыл халқы жерге соқа тиіп, егін егілмеген соң мал жайылатын жайылымда қалмағанын айтуда. Осы мәселелердің оң шешімін табуды көздеп жүрмін», – дейді. Халық қолдау танытқан азамат егістік жердің көлемін 1000 гектарға дейін ұлғайтуды да жоспарлап отырғанын айтады. Осылайша, күріш, мақсары, жоңышқа егіп, мал азығымен ауыл тұрғындарын қамтамасыз етпек.
Алтын күзде жиып-теру науқаны қыза түседі. Еңбек майданының ортасында жүріп «Еңбек адамды қашан да бақытқа бөлейді» деген сөз бекер еместігін ұғынғандаймыз. Адал еңбектің арқасында әр адам өз бақытын табады. Өзіне ғана тиесілі, өзіне ғана лайық жолмен жүріп, тірлік жасайды. Илеуіне дән тасыған құмырсқадай қыж-быж қайнаған тіршілікте даналықтың, даралықтың негізін қарапайым ғана адамдық парасаттан іздеп, өзі мұрат еткен ісін абыроймен атқарып келе жатқан ұжымның ауызбіршілігіне сырттай сүйсіне қарадық.

Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ
05 қазан 2019 ж. 351 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№79 (8730)

12 қазан 2019 ж.

№78 (8729)

07 қазан 2019 ж.

№77 (8728)

04 қазан 2019 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031 
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам