Өскен өңір Шиелi аудандық қоғамдық-саяси газет
» » алғысқа лайық ақсақал

алғысқа лайық ақсақал

Түз даланың ыстығына күйіп, суығына тоңып, самал желі мен суық желіне тотығып өскен, үйде болғанынан қой арасында болғаны көбірек Дос­бол датқа ауылында тұратын мал дәрігері Әбушахман деген ағамыз бар.
Ауданда ол кісіні білмейтін адам кемде-кем шығар. Өйткені, Әбушахман Саюпов Тартоғай, Төңкеріс, Коммунизм (қазіргі Нартай) Қызыл Ту,(қазіргі Ы.Жақаев), Ленин атындағы (қазіргі Алғабас) колхоздарында қажырлы еңбек еткен. Үнемі далада жүргенімен халық жүрегіне есімі жазылып қалған Әбушахман ағамызбен ауданда өткен ардагерлердің облыстық семинарында жолықтық. «Біздің не жазығымыз бар? Адам дәрігері жайлы жазасыңдар. Мен мал дәрігерлерінің ақсақалы болып қалдым. Мен де биыл сәуір айында сексен жасқа толдым. Аудандық ардагерлер кеңесі төрағасына айтыңыз, бізге, тыл ардагерлеріне де шамалы болса да көз қырын салсын» – деді. Айтылған сөз – оқпен тең. Ардагерлер туралы баспасөз бетінде жазып тұру – алқа мүшесі ретінде маған жүктелген болатын. Біраз адамды сексеннің сеңгіріне шығарып, жазғанымыз да рас. Әбушахман ағай ауылдағы газет оқитын, «Өскен өңір» газетін жаздырып алатын ақсақал болып шықты. Себеп, «Мен ешкімді қызғанбаймын, бірақ менің бар өмірім аудан малының соңында өтті, кезінде қоғам малын қайтсек аман сақтап қаламыз деп күрестік. Күндіз-түні ат үстінде жүріп, тақымымыз жауыр болды» – деп, әлсіз жанарын маған қарай қадай түсті. Мен «Түсіндім, аға» дедім де қойдым. Әйтпесе, Әбушахман аға ашуға басып бара жатыр еді.
Қайтсін енді. Пәленбай жыл емдеп қорғаштаған отар-отар қойдың бірі қалмады. Жекешеленіп, құрыды. Еткен еңбегі ертегі болып қалды. Кешегі мақтаныш, күйінішке айналды. Десе де Әбушахман аға осы күнгі қадір-қасиетіне сол еңбегі арқылы жетті. Ақсақалдың қойларды тырп еткізбейтін қарулы қолдары, Сарысудың даласындай кең пейілі, ақсақалға тән парасат, сабырлылық дала кезген қарапайым мал дәрігерінің кейпін келтіріп-ақ тұр. Сақал қоймаса да өзімен бірге қартайған аппақ мұрты жарасымын тауып, еңгезердей денесін тік ұстауға тырысады.
Әйтсе де, кәрілік адамды еңкіш тартқызбай қоймайды екен. Иә, «қартая білу де – өнер» деп бекер айтылмаса керек. Сексен аз жас емес. Оған жеткен де бар, жетпегендер қаншама? Бұған да шүкір, дейік.
Кейіпкеріміз Әбушахман Саюпов 1937 жылы 10 сәуірде бұрынғы «КИМ» колхозы, бүгінгі Майлытоғай ауылындағы, №17 бекетте туған. 1947 жылы қазіргі Қ.Сәбіров атындағы мектептің бірінші сыныбына барып, жеті жылдықты бітіреді. Сегізінші сыныпты 1-Май ауылындағы Орджонекидзе мектебіне қатынап оқып, тоғызыншы сыныпты №45 орта мектепте жалғастырады. Осы мектепті 1957 жылы бітірген бозбала 1958 жылы Қапланбек атындағы зооветеринария техникумына оқуға түседі. Бір жыл Тартоғай совхозының №2-ші қой фермасында жұмысшы болады. Еңбекпен піскен Әбушахман техникумды үздік бітіреді. Мал маманы аталған Әбушахман өзін ұшырған №2-ші фермаға қайта оралады. 1963 жылдан бастап аудандық ветстанцияда ветеринарлық инспектор қызметін атқарып, оған Қаратау етегіндегі Қосүйеңкі деген жерде үш колхоздың Қызыл Ту, Гигант, Авангард қой қырқымында болып, 60 мыңдай қойдың мал дәрігері қызметі жүктеледі. Осыдан 1975 жылға дейін Төңкеріс, Коммунизм, Қызыл Ту, Ленин атындағы колхоздарда мал дәрігері жұмысын істейді. 1975 жылы жаңа құрылған Телікөл қой совхозына мамандығы бойынша ауыс­тырылады. №3-ші фермада үш жыл еңбек етіп, 1978 жылдан 1989 жылға дейін №2, №1 фермаларда мал дәрігері болып үздіксіз қызмет жасайды. Қазақ атам «Егінші жаңбырда тынады, малшы өлгенде тынады» деп бекер айтпапты. Күнде сүрбелең. 1989 жылдан 1992 жыл аралығында ферма меңгерушісі қызметін атқарады. Осы жылдары Ә.Саюпов басқаратын ферма қойдың асыл тұқымды «Сухандария» алтын сұр елтірісін даяр­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­лайтын халге жеткен еді. Өзге фермалар қаракөл елтірісімен айналысатын. «Соңғы директорымыз Нұрбек Есжанов болатын. Ферма меңгерушілерінен есімде қалғандар Дана Сапаров, Еркінбек Рсымбетов, Жамалхан Әбжапбаров, Жүніс Бекайдаров, зоотехник Сейділдахан Алпамышов, Алпысбай Жүсіпов, мал дәрігері Шәдібек Мақұлбеков, Сұлтан Сарбасов, Дүйсен Ахметовтер. Осындай жайсаң, керемет адамдармен жұмыстас болдым. Замандас, сырлас болдық. Содан фермалар тарап, жекешеленді. Мен «Жасыл өлке» деген ұжымға мал дәрігері және зоотехник болдым. 1993 жылы қайтадан №3 ферма құрылды, соған мал дәрігері болып, осы жылдың наурыз айында 55 жасымда зейнеткерлікке шықтым. Зайыбым Күләнда Қызыл Ту колхозында озат механизатор болған. «Құрмет» орденді, кеудесіне «Лениннің 100 жылдығы» медалін қадаған тракторшы болатын. 2009 жылы жер қойнына тапсырдым. Екеуміз бір ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірдік. Өмір бойы мал соңында жүрдік. Мал деген өлмей тұрмайды екен. Содан болар қанша тер төксем де өмірі алғыс алмай кеттім. Егер сен, інім, мен туралы жаза қойсаң, ол менің алғашқы алған алғысым болар еді» деген Әбушахман аға маған сенімсіздікпен қарады. Тағы да «Құдайға шүкір айтам, денсаулығым жақсы» – деді, етігімен саз кешкен, таудың тасын таптаған, соғыстағы полк командиріндей батыр тұлғалы ферма меңгерушісі, мал дәрігері, қазіргі Досбол датқа ауылының қадірменді қариясы Әбушахман Саюпов ақсақал. Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы баршамызды толғандырды. Санамызды оята бастады. Ауылдарда еңбегі еленбей, ескерілмей тасада қалып жатқандар баршылық. Оны кім іздеп, зерттеп жатыр дейсіз. Әбушахман аға да маған сондай көптің бірі көрінді. Егер менің осы мақалам газет бетінде жарық көре қалса, 80 жастағы Әбушахмандай еңбеккер, еңбекқор ағама алғаш алғыс білдірген, рақмет айтқандығым болар еді. Аман болыңыз, денсаулығыңыз мықты болсын, дала қыраны, жануарлар дәрігері, шопандар «әскерін» басқарған Әбушахман аға!

Сәкен БӘКІРОВ.
14 қараша 2017 ж. 573 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (8647)

07 желтоқсан 2018 ж.

№91 (8646)

30 қараша 2018 ж.

№90 (8645)

27 қараша 2018 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2018    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930
31 
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам