Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Тойдым, болдым!

Тойдым, болдым!


 Естідіңіздер ме? Бір вакцина шығыпты. Әлемді жайлаған дерттің жалғыз емі де осы көрінеді. Дерттің алғашқы белгісі тәбеттің ашылуы, – дейді дәрігерлер. Дер кезінде алдын алмаса араны ашылып, түйені түгімен, вагонды жүгімен жұтып жіберуі де бек мүмкін. Ал бізге мағлұм болғаны вакцинаның құрамында 10 г ұят, 10 г ар, 30 г қанағат, 50 г адалдық бар. Бәрінен қызығы вакцинаның атауын естіген шенеуніктер шет ел асып кетіп жатыр екен.

Екпе дегенді естісе үрки қарайтын бұқараның көзі бақырайып, ол не екен десіп жатты. Тіпті, бірі атын естімесе де «екпесі құрысын, салдырмаймын» деп байбалам салмасы бар ма? У-шу, азан-қазан қайнаған халық ішінде талқыға түскен вакцинаның не үшін, қайдан келгенін түсіндірмекке топ жарып біреу шықты.
«Тыңдаңыздар!» деген ақ халатты дәрігердің әмірі естілгендей болды. Жұрт мойнын бұрып, тым-тырыс құлақ түре қалды. «Қорықпаңыздар, бұл керемет вакцина қазақстандықтарға жаппай егілмейді. Тек жемқорларға салынады. Вакцина «Тойдым» деп аталады. Оның бір ерекшелігі екпе салынған сәтте ішкен-жегенінің бәрін айтып береді де, «болдым, тойдым» деп ант береді екен» дегені сол еді, көпшілік қошеметтеп, ду қол соға бастады.
Бірақ, ұлын мектепке, қызын ауруханаға, немересін бір мекемеге жұмысқа тұрғызбаққа бекініп, жол жасап, қамсыз отырған біршама қазекемнің көз алдында жиған-терген ақшалары желге ұшқандай елестеп кетті. Ал ота жасар алдында алақаны қышитын бір-екі дәрігер «осының не керегі бар?» деп мұрнын шүйірді.
Жәә, оны қойшы, ең қызығы енді басталды. Вакцинаны сынап көрмекке ең адалы, әділі деп Жоғары соттың судьясынан бастаған-ды. Билік басынан басталған сынамаға шыдамасын білгендер табан асты тамақтан өтіп, жеп қойған лимондары мен жарты жол, жарты үйлерді санап бас қатыра бастады. Жаппай екпе салу барысында 2019 жылы сыбайлас жемқорлық үшін сотталғандардың ең көп саны Түркістанда – 37, Шығыс Қазақстанда – 37, Жамбылда – 30, Ақмолада – 19, Алматы және Қостанай облыстарында – 15, Атырау, Маңғыстау, Қызылорда облыстарында – 14 дерек анықталыпты. Ал, биылғы жылы Шиеліге жеткен екпеден соң жемқорлықтың 2 дерегі тіркеліпті. Сұмдық-ай! Бәрі карантиннің, құрғыр індеттің кесірі. Оқушылар мектепке келмеген соң, ыстық тамақ рәсуа болмасын деп, шарасыздан жей беріпті, жей беріпті...
Жең ұшынан жалғасын тауып, бір-біріне жұға кететін жемқорлық деген дерттің дауасы табылды. Қазақстанның бүкіл аумағын шарлап, аудан, ауылды аралай салынған екпеден соң етек-жеңіміз жиналып, жоғымыз түгенделе бастады. Уһ, деп маңдайдағы терді сыпыра сүртіп, орнына жайғаса берген бас дәрігердің кенеттен ұялы телефоны безек қақты. Тұтқаны көтеріп, «Алло» дегені сол еді, тағы бір жемқор ұсталғанын хабарлады. Аң-таң дәрігер орнынан жылдам түрегеліп, вакцинаның сыртына үңілсе «Қазақстанда жасалған» деген жазу тұр...
Г.ДҮЙСЕБАЙ
29 қараша 2021 ж. 279 0