Өскен өңір Шиелi аудандық қоғамдық-саяси газет
» » Жылыжай жөн кәсіп

Жылыжай жөн кәсіп

Жылыжай шаруашылығын дамыту бүгінде өзекті мәселе. Сондықтан, аграрлық салада наны жүріп тұрған кәсіптің бірі – жылыжай десек, қателеспейміз. Өкінішке қарай, кәсіптің осы түрі өңірімізде әлі де болса дамымай, кенже қалып келеді. Ауыл шаруашылығы бөлімі берген мәліметке үңілсек, ауданда жылыжай жұмысын жүргізіп отырған бес кәсіпкер бар. Ал, 80 мыңнан астам халқы бар Шиелі ауданы үшін бұл көрсеткіш тым төмен. Оның салдары да сезіліп жатыр. Сол себепті жергілікті шаруалар халықты көкөніс, жеміспен толықтай қамтамасыз ете алмай отыр.

Бүгінде халық жылыжай салу арқылы мезгілдің төрт маусымында да қажетті көкөнісін алуға бейімделген. Жылыжайды ашу белгілі бір адамның қолынан келе бермейтіні ақиқат. Сол себепті жылыжай салу, оның бабын жасау оңай шаруа емес. Маусымдық мезгілмен құны құбылып отыратын қияр-қызанақтың бағасы қыста тіпті шарықтап кетеді. Осы кезде өзімізден піскен көкөністер экологиялық таза, адам ағзасына пайдалы, бір жағынан қалтаға қонымды келеді.
Қазір аудан бойынша барлығы 13 жылыжай бар болса, оның 5-еуі нақты жұмыс істеп тұр, ал қалғаны әзірге әртүрлі себептермен тоқтап тұр. Оған шаруалардың бір қатары жердің тозып, топырақтың құнарсызданып климаттың өзгеруі себеп десе, енді бірі мемлекеттен тиісті қолдау жоқтығын айтып налиды. Бір жағынан ауданда жылыжай өндірісінде ілгерілеушілік байқалғанымен жергілікті кәсіп иелері жылдың екі мезгіліне ғана күш салады. Әттеген-айы, біздегі жылыжайлар қыста өнім беруге қауқарсыз. Елдегі жиым-терім аяқталып, қысқа аяқ басқанда жергілікті жылыжай өнімі де тоқтайды. Халық сырттан келетін өніммен азықтануға мәжбүр. Жыл он екі ай дастарқаны жыйылмайтын қонақжай қазекем үшін бұл, әрине пайдалы емес.
Тағы бір айта кететін мәселе, жылыжайда өскен барлық дақылдардың күн көзіне қанып өскен дала дақылдарынан біршама айырмашылығы бар екен. Атап айтар болсақ, өнімге қоршаған ортаның зияны тимейді. Көкөніс жылдам өніп, ылғал мен жылудың біркелкі таралуынан сырты жылтыр болып тұрады. Екінші, өнім жабық жерде өскендіктен, күннің иісі сезілмейді. Бұл даладағы дақылмен салыстырғанда дәмі жағынан өзгешелікті байқатуы мүмкін. Десе де, мұнан ағзаға қажетті дәрумендер мен минералдардың маңыздылығы еш жойылмайды. Осы орайда, біз жылыжайдың жұмысын білмек болып Алғабас ауылындағы жылыжай жұмысын көзбен көрдік.
Аталған кәсіптің көзін тауып, құпиясына қаныққан бағбанның бірі – Оралбек Сүлейменов. Ол таңмен таласа тұрып, күнұзаққа жылыжайдан шықпайды. Еңбекқор жандардың агротехниканы жетік білуі – жетістікке жетудің төте жолы деп біледі. Содан 2016 жылы балабақша жанынан поликарбонат материалын пайдаланып, ұзындығы – 27, ені – 7,5 метр болатын жылыжайды салады. Әрекет етсең берекеті болатынын түсінген ол қысы-жазы қияр өсіреді. Таңнан кешке дейін жылыжай ішінде жүріп, тірнектеп істеген тірлігі табыссыз емес. Мәселен, қиярдың 1 келісін 150 теңгеге сатып, табыс тауып отыр. Жыл бойында тапқан табысы 700 мың. Аталған жылыжайда алдағы уақытта қиярмен қоса, қызынақ егуді көздеп отыр. Жылыжайда егілген өнімдер үнемі күтімді қажет етеді. Арнайы тамшылатып суғарып, балаша күтіп мол өнім алып отыр.
– Бүгінде топырағы сортаң, ылғалы аз шөлейтті өңір үшін көкөніс өсірудің ең тиімді жолы – жылыжай шаруашылығын дамыту. Жылыжайды ашқанымызға көп болмады. Басында өзіміз жерді тыңайтуға күш салдық. Жаңадан топырақ салып, ауыстырдық. Сондай-ақ, тыңайтқыш ретінде жылқының қиын пайдаланамыз. Ол көшет тамырларының еркін өсуіне ыңғай туғызады. Әрі топырақтың құнарлылығын арттырады, – дейді бағбан.
Біз жылыжайдың ішіне кіргенімізде ондағы ауа қысымы +40-45 градусты көрсетіп тұр екен. Ал, қыс мезгілінде іштегі температура +23 градустан төмен болмайды. Осылайша, біркелкі температурада бой алып өскен қиярды көріп қуандық. Жылыжайдан шықпайтын еңбекқор азамат агротехниканы жетік білу – жетістікке жетудің төте жолы деп біледі.

Шапағат Тілеубаев
05 маусым 2021 ж. 83 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам