Өскен өңір Шиелi аудандық қоғамдық-саяси газет
» » Әлемі бөлек Әшімхан

Әлемі бөлек Әшімхан

Мынау бес күн жалған өмірдің уақытша екенін білсек те, тірі күнімізде мәңгі өмір сүрердей сезінетініміз ақихат. Содан да болар, тіршілікте пендешілікке салып жақын-жұрағатымыз бен ағайын-туыс, дос-жаранның парқын сезініп, қадірін білмей де жатамыз. Күнделікті қасымызда жүріп, дидар-ғанибет болғандықтан қапияда көз жазып қаламыз деген ой санамызға келе бермейді. Әйтеуір, өлмейтіндей өмір сүреміз. Кешегі апта дүйім республика, оның ішінде Шиелі ауданы үшін азалы апта болып есімізде қалды. Арамыздан аудан мәдениетіне маңдай тері сіңген «Мәдениет қайраткері», арда азамат, адал дос, мейірімді әке Әшімхан ­Оспанов ағамыз мәңгілік сапарға аттанды. Әшекең саналы ғұмырын Шиелі өңіріндегі мәдениет саласының қанат жайып дамып, өркендеуіне арнаған азамат еді.
Ол 1953 жылы 6 қазанда Қызылорда облысы, Шиелі ауданы, Н.Бекежанов ауылында дүниеге келіп, Қаратау қойнауындағы «Ақбұлақта» балалық шағын өткізді. Орта мектепті тәмамдағаннан кейін 1979 жылы Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтын бітіреді. 1979 жылдан мәдениет саласында аудандық мәдениет бөлімінің аға инспекторы, 1980-1991 жылдары ­Нартай ­Бекежанов ауылдық клубының директоры, 1991-1995 жылдары Ы.Жақаев музейінің ғылыми қызметкері, 1995-1996 жылдары Нартай Бекежанов мұражайының директоры, 2004 жылы аудандық мәдениет бөлімінің бастығы, 2009 жылдан аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бастығы қатарлы көптеген қызметтерді атқарып, 2016 жылы аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы қызметінен зейнеткерлікке шықты. Осы уақытқа дейін Шиелі аудандық қоғамдық кеңес төрағасының орынбасары қызметін атқарып келді.
Әшімхан Орынбасарұлы Нартай ­Бекежанов ауылындағы мәдениет үйінің директоры қызметінде жүріп «Н.Бекежанов мемориалдық өнер музейін» ашуға, оның экспонаттарын жинақтауға өлшеусіз еңбек сіңірді. Сондай-ақ аудан көлемінде «Шаттық» музыкалық, «Нартай сазы» фольклорлық ән-би ансамблдерін құрып, жетекшілік жасады, ерекше өнері үшін «Нартай сазы» халық ансамблі атағын алды, 1990 жылы ­Португалияда өткен Бүкіл дүниежүзілік фольклор фестиваліне қатысты.
Осындай сүбелі еңбектің арқасында 2002 жылы Қазақстан Республикасы Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің мәдениет комитетінің «Ауыл мәдениетін көтеруге қосқан елеулі еңбегі үшін» Құрмет грамотасымен, Бүкілхалықтық халық шығармашылығы фестивалінің екі дүркін лауреаты, Қызылорда облысының – 70 жылдығы медальдарын иеленді. 2007 жылы Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Мәдениет қайраткері» төсбелгісімен, «Бейбітшілік әлемі» Халықаралық қазақ Творчестволық Бірлестігінің «Ұлт мақтанышы» және «Н.Бекежанов» медальдарымен және Қызылорда облысының «Құрмет» грамотасымен марапатталды.
Иә, мәңгілік ғұмыр тек бір ғана Аллаға жарасқан. Адамзат талқаны таусылған уақытта келместің кемесіне мініп жүре жөнеледі. Дейтұрғанмен, жаныңа жақын сырлас, сыйлас достың, ақыл айтар ағалардың арамыздан ерте ахиреттік сапарға аттанып жатқаны жанымызға батары анық. Десек те, Алланың ісіне еш шара, шәк келтіре алмаймыз. Қош болыңыз «Мәдениет майталманы», алдыңыз жарық болсын, Әшімхан аға!

Елдос ЖҮСІП

08 шілде 2020 ж. 185 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№59 (8812)

04 тамыз 2020 ж.

№58 (8811)

31 шілде 2020 ж.

№57 (8810)

28 шілде 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Тамыз 2020    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930
31 
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам