Өскен өңір Шиелi аудандық қоғамдық-саяси газет
» » Қартаюдан Қорқасыз ба?

Қартаюдан Қорқасыз ба?

Сіз білесіз бе, әлемде 10 миллионнан астам фобия бар екен. Қорқыныш деген ұғымды білдіретін бұл сезім тіпті заман ағымына ілесіп, жаңа түрлері де пайда болуда. Оның ішінде атын естігенде-ақ жағаңызды ұстап, таңғалатындары да кездеседі. Соның бірі – ­герантрофобия. Бұл – қартаюдан қорқу. Иә,сіз жаңылыс оқыған жоқсыз. Жер бетінде жүзін әжім басқаннан, тық-тық етіп таяққа сүйенгеннен, ертелі-кеш балтыры сыздап, басы ауырғаннан, буын-буыны босап, тізесі дірілдеп, қолы қалтыраудан қорқатын жұмыр басты пенделер бар. Міне, осылайша қарттықтан үрейленетіндер күйзеліске ерте ұшырайды екен. Ал жүйке жұқарып, тән мен жанның жаралануынан келетін кесел барлығымызға мәлім. Ендеше қайтпек керек? Қарттық кезеңде күйзеліске ұшырамаудың амалы қандай? Біз осы сауалдардың жауабын білмек ниетте арнайы мамандармен тілдесіп көрдік.

«Адамды тез қартайтатын ең үлкен дерт – қартаюдан қорқу» дейді мамандар. Иә, кейбіреулер аппақ сақалы абыройын арттырған ата, ақ жаулық тағынып әже болғанына қуанса, енді әлдекімдер өмір заңдылығына бойұсынғысы келмей, қартаюдың алдын ала бастайды. Әсіресе, әу бас­тан әдемілікке құмар әйелдер бет күтімі мен дене бітіміне алаңдайды. Орта жасқа жеткенде-ақ нәзік жандылар нәрлендіргіш, бетті ылғалдандыратын кремдерді жағып, өзін-өзі күтуге дағдыланады. Тіпті бет-әлпетіне пластикалық ота жасайтындары да жоқ емес. Ал ерлер болса, қартаймау үшін дене жаттығуымен жиі шұғылданатын көрінеді. Хош. Қандай жас та болсаңыз да сұлулыққа мән беріп, денсаулықты күткеннің айыбы жоқ. Алайда, күндіз-түні күтініп, бетке түскен әр әжім үшін уайымдау қалыпты жағдай емес. Себебі, кез келген адам осылай сары уайымға салына берсе, сыртқы келбеттен бұрын ішкі әлем зақымданады. Бұл орайда психологтар ең әуелі адам қарттық кезеңді мойындап, оған көндігу керек дейді. Сол кезде ғана елуді еңсеріп, алпысқа аяқ басқандар күйзеліске ұшырамайды екен. Сонымен қатар Шиелі аудандық емхананың психологі Мадина Сейітқасымова күйзелістің жас талғамайтынын айтады.
– Күйзеліс бұғанасы қатпаған балада да, егде жастағы қарияда да кездеседі. Алайда, қазіргі таңда ата-әжелеріміздің арасында ашушаңдық немесе жалғыздық сезімін сезінетіндердің қатары көбейген. Бұл сәйкесінше күйзеліске алып келеді. Күйзелістің белгілері әркімде әртүрлі. Мәселен, асқа тәбеті болмау немесе шектен тыс тамақтану. Көңіл күйі түсіп, қоғамдағы күйбең тірлікке зауқы болмауы. Адамдармен қарым-қатынас жасау қабілеті төмендеп, қоршаған ортаға деген көзқарасы өзгереді. Көбінесе үлкен кісілерде көңілшектік сезімі пайда болады. Мінез-құлқы өзгеріп, баласының немесе немересінің сөзін көтере алмайтын халге жетеді. Әсіресе, әйел кісілердің көбісі болмашы нәрселерге жүйкесін жұқартып алады, – дейді.
Ал күйзеліске ұшырамаудың бірден бір амалы қоршаған ортаның қолдауын сезіну екен. Бұл тұрғыда психолог Мадина Серікқызы:
– Ең әуелі үлкен кісілердің айтқанына құлақ түру керек. Көбінесе қарт адамдар қатары сирегеннен кейін жалғыздықты сезініп, күйзеліске ұшырайды. Ал мұндай жалғыздықты сезінбеу үшін балалары мен немерелері әрдайым қасында болып, оларға көңіл бөліп, махаббат пен қамқорлықты, мейірімділікті беру қажет. Тіпті ата-әжеміз бірнәрсені ұнатса, оны да алып беру қамқорлық пен көңіл аударуға жатады. Бұл жастар үшін болмайтын нәрсе көрінуі мүмкін. Алайда, өмірдің талай соқпағын сүрген жан үшін зор маңызға ие, – дейді.
Қазіргі таңда күйзеліске ұшырау, депрессияға шалдығу – жүрек-қан тамырлары және онкологиялық аурулармен қатар тұрған дерт. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегіне сүйенсек, 2030 жылға қарай депрессияға ұшыраған жандардың саны екі есеге өсіп, ол 40 пайызға жетеді екен. Мамандар бұл ауруға себепсізден себепсіз ұшырауы мүмкін дейді. Ал күйзеліске ұшырамау үшін ең әуелі дертке дауа болатын ем жасау қажет. Бірақ біздің елде жан саулығына селқос қарайтындар көп-ақ. Көбісі психологтың есігін өз еркімен қақпайды. «Бас жарылса, бөрік ішінде. Қол сынса, жең ішінде» деген сыңаймен іштегі қайғыны, өкпе-ренішті сыртқа шығармайды. Шығарған күннің өзінде құрбы-құрдасына ғана айтады. Бірақ «Тауық сойса да, қасапшы сойсын» деген бар емес пе? Яғни тәннің дертін емдегені секілді жан саулығына да салғырт қарауға болмайды. Осы орайда біз Шиелі аудандық емхананың дәрігері Гүлмира Оразбекованың пікірін білген едік. Ол бүгінде қарттардың көбі әңгімелесетін адамы болмағандықтан күйзеліске шалдығады дейді. Сонымен қатар ерлерге қарағанда әйел адамдар көңілшек һәм ашушаң болады екен.
– Шыны керек, қазақ қоғамы әлі күнге дейін психологқа үйренісе алмай жатыр. Бізге кейде үлкен кісілер келеді. Әсіресе, ақ жаулықты аналар. Олар келіні немесе баласына деген ренішін айтып, бір жеңілдеп қалады. Негізі күйзеліс ылғи жұмыс істеп, қоғамда белсенді болған адамдар да болады. Ондай жандар зейнетке шыққаннан кейін өзін керексіз сезіне бастайды. Әсіресе, отбасында аз немесе жалғыз тұратын кісілерде жиі кездеседі. Міне, осы сәтте біз өз тарапымыздан кеңестер береміз. Үлкен кісілерге көпшілікпен араласуды, қонаққа жиі баруды, босаңсытатын музыка тыңдауды, көңіл көтеретін бағдарлама көруді ұсынамыз. Себебі, көгілдір экранды көріп, шаршап келетіндері де болады, – дейді дәрігер маман.
Қарттық – тағдырдың бұзылмайтын заңдылығы. Бұл сөзімізге Құранның «Рум» сүресінің «Ол сондай Алла сендерді әлсіз жаратып, сосын әлсіздіктен кейін күш-қуат беріп, сосын күштен кейін нашарлатып, қартайтты...» деген сөзі дәлел. Сол себепті кәрілік меңдеген шақта ертеңгі су ішкілігінен гөрі ендігіде аттанар сапарының қамын көбірек ойлаудың қажеті жоқ-ау, сірә! Бар болғаны өзгермелі әрі сынаптай толқымалы өмірде қарттыққа да бойұсынып, алдағы өмірді мәнді де сәнді өткізу керек шығар. Мәселен, Бақтылы Нұрманова секілді. Ол қазіргі таңда зейнеткер, орталықтандырылған аудандық кітапхананың тұрақты оқырманы. Кітапхана қызметкерлерінің айтуы бойынша, Бақтылы апа ай сайын 10-11 кітаптан алып, кітапты үздіксіз оқитын көрінеді. Зейнетке шықса да «Қартайдым, асарымды асадым, жасарымды жасадым» деп төрт қабырғада үнсіз отырмай, кітапхана мен үйдің ортасын жалғап жүрген апамен біз де тілдестік.
– Адам ең әуелі күйзеліске түспеу үшін көңілді жүру керек. Мәселен, мен қолым қалт етсе кітап оқып, әрқашан көңіл жадырататын әуендерді айтып жүремін. Одан қалды немерелердің сабағы мен киімі бар. Күнделікті күйбең тірлікпен айналысып жүргенде күйзеліс бізден сырт айналады, – дейді бейнеттің зейнетін көріп отырған ана.
Рас. Күннің қызуындай құбылмалы дүниенің күйдіріп те, тоңдырып та жіберетін кездері бар. Қарттық кезеңде күйзеліске ұшырағандардың арасында қайғы-қасірет пен тақсірет құрығын көп тартқандар да, ғұмырдың таңдайында қалар тәттісінен гөрі өмір бойы зар арқалағандары да бар шығар. Өйткені, тағдыр арбасы біреуге жайлы, біреуге жайсыз. Әйтсе де, «Жастық шақ – даналықты меңгеруге, ал кәрілік – оны қолдануға арналған уақыт» демекші, қазыналы қарттықтан қашқанша, оны өнегемен өргенге не жетсін?

Маржан ҚҰРМАНҒАЛИЕВА

15 ақпан 2020 ж. 131 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№12 (8765)

15 ақпан 2020 ж.

№11 (8764)

11 ақпан 2020 ж.

№10 (8763)

07 ақпан 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Ақпан 2020    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
242526272829 
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам