Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Бидайкөлде берекелі іс бар (Бейнерепортаж)

Бидайкөлде берекелі іс бар (Бейнерепортаж)

Тілшілік тіршілікпен қайнаған еңбектің қайнар көзіне айналған Бидайкөл ауылына табан тіредік. елді мекеннің іргетасы 1928 жылы қаланған. Бүгінде мұнда 4000-ға жуық тұрғын бар. Олар сан салалы кәсіппен күнелтіп отыр. Әсіресе, таңмен таласа тұрып, кеш қарайғанша дамыл таппайтын диқандардың дала төсіндегі қыруар жұмысы қандай құрметке болса да лайық. Осы орайда біз атшаптырымдай алқапты молшылық майданына айналдырып отырған еңбеккерлердің етжеңді ісіне зер салдық.
Жалпы Шиелі топырағы таяқ тастасаң, тал болатын құтты мекен. Ақ күріштің атасы Ыбырай Жақаевтай Еңбек ері, 10 ғасыр адамының 5-еуі шыққан қасиетті қоныс. Ауданның агросаласында алымды тірлік көрінеді. Өнеркәсіп өндірісі де өркендеп тұр. Мұны Бидайкөл ауылынан байқай аламыз. Мұнда қазіргі таңда 44 шаруа қожалығы бар, оның 28-і егінмен, қалғаны мал шаруашылығымен айналысады. Соның ішінде қос кәсіпті де қатар алып жүрген Талғат Байдалиев төрағалық ететін «Бидайкөл» шаруа қожалығының орны бір төбе.
Аталған қожалықтың қарқынды жұмысы 1915 жылы басталған болатын. Содан бері жыл сайын 1000 гектар жерге егін егілуде. Биыл №1 өндіріс бригадасына 466 гектар күріш егілген. Оның 188 гектары «Янтарь» сорты болса, қалған 278 гектары «Лидер» сорты. Енді диқандардың еңбегі еленіп, егін даласының дүбірге толатын күні де алыс емес.

Еңбек еткен – мұратқа жеткен
Бүгіндері бидайкөлдіктердің күріші жайқалып, бау-бақшасы берекемен бедерленген. Қожалықта ілкімді істі еңбекпен игеріп отырған 110 адам жұмыс істейді. Олар бейнетін зейнетім деп түсініп, өз істеріне білек сыбана кіріседі. Жақаев ізбасарлары сыр маржанының қыр-сырын жетік меңгерген. Мұнда әр адам дала академиясының талантты түлегі іспетті. Соның бірі – №1 өндіріс бригадасының бригадирі Қойшыбай Маханбетов. Ол 1980 жылдан бері бел жазбай еңбек етіп келеді. Соның арқасында қазір осы саланың майталман маманына айналған.
– Қазір су байлау жұмыстарын жүргізудеміз. 150 гектар егін суын байладық. Тамыз айының 25-не орақ салу ойда бар. Бригадта 35 адам жұмыс істейді. Оның 18-і сушы, аспаз, қарауыл және механизатор бар. Алдыңғы жылы 450 гектар егін егіп, 45 центнерден өнім алдық. Биыл 50 центнерден аса өнім аламыз деген үміттеміз. Көктемде ауа райы құбылғанымен егіс алқабына айтарлықтай зиян келтірген жоқ. Техникалар сақадай сай, толымды табыс болады, – дейді егіні жайқалып, көңілі жайланған күрішші.
Ауылдағы ең қарапайым әрі мәртебелі мамандықтың бірі – механизатор. Тракторшылардың еңбегі қай кезде де ерекше саналады. Солардың бірі – 1989 жылдан бері тракторды тізгіндеген Болат Асанов. Ол 1972 жылы Бидайкөл ауылында дүниеге келген. Үлкендерге ілтипатын көрсетіп, білмегенін үйреніп өскен бала, бүгінде ел ағасына айналып отыр. Еңбекке бала күнінен бейім болып, алдыңғы буын ағаларынан техника тілін меңгерген. Қырманның қызу тірлігімен 30 жыл айналысып келген ол бүгінде майталман механизатор. Өзінің озық тәжірбиесінің арқасында алдыңғы жылы 2000 гектар Сыр салысын бастырған.
Тұңғыш Президент «Әлемдік өркениеттің барлық құндылықтары, экономикалық және мәдени байлықтар виртуалды қаржы институттарымен емес, адамның еңбегімен жасалады. Сондықтан біздің әлеуметтік жаңғырту саясатының негізінде шынайы өндірістік еңбекті жолға қоюға тиіспіз» деген болатын. Демек еңбек мәні мен маңызын қай кезеңде де жоғалтпайды. Әсіресе, қарапайым жұмысшылар кез келген қиындықты өз еңбегімен ғана еңсеріп келеді. Солардың қатарында өмірінің 38 жылын қожалыққа арнаған Баян Ақбергенованың есімі ерек. Ол шаруашылықтың басында жүріп, алуан түрлі қызметпен айналысқан. Бір кездері еден жуу­­шы, қарауыл болса, 25 жыл сауыншы ретінде қожалықтың дамуына септігін тигізген. Ал қазіргі таңда «Ас – адамның қуаты» деп жұмысшыларға ауқат ұсынып, қарнымен қоса көңілін тоқ қылып жүрген аспаз.
– «Атсыз үй болса да, ассыз үй болмайды» дейді ғой қазақ. Сол сияқты күндіз-түні тыным таппайтын қызметкерлерге ең бірінші тағам маңызды. Өйткені, қарны аш адамда қажыр болмайды. Олар уақытылы нәрлі, құнарлы тағам жеуі керек. Міне, біз осыған аса мән береміз. Егін науқаны кезінде 25-35-ке тарта адам келеді. «Келген кісіге тамағыңды емес, қабағыңды бер» деген тәмсілді еске түсіріп, асымды жылы шыраймен ұсынуға тырысамын. Күрішшілер, механизаторлар мен өзге де жұмысшылар ақ адал көңілімен алғысын жаудырып жатады. Мұның бәрі тиянақты тірліктің нәтижесі деп білемін, – дейді асхана иесі.
Біз атбасын бұрған «Бидайкөл» шаруа қожалығындағы ферманың жұмысы да бірқалыпты. Ондағы тіршілікті бар жоғы бес қызметкер ұршықша иіріп отыр. Сырт көзге жеңіл көрінсе де, маңдайдан терді төгілтетін тірлікті бақташылар бір ауыздан шашау шығармай атқарады. Қорадағы 100 бас бордақыланған ірі қара малының жайын жасап, жем-шөппен қамтамасыз етеді. Ал тазалықты сақтау олардың басты міндеті.

Бітер істің басына, жақсы келер қасына
Аталған қожалық жыл жылжыған сайын алтын дәннен астық жинағаннан бөлек, қоғамдық жұмыстарға белсене араласады. Мерекелерде ауыл тұрғындарына сыйлық үйлестіріп, көңілді кеш ұйымдастырады. Қайырымдылық шараларынан да қалыс қалмайды. Осы тұста «Бидайкөл» шаруа қожалығының төрағасы Талғат Байдалиевтің демеушілігімен салынып жатқан саябақты айтпай кетпеске болмас. Елді мекен орталығындағы ашық алаңқайдан ашылатын саябақтың қазір құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Ол жерге 80 түп шырша ағашы, 150 түп әр түрлі жеміс ағаштары мен 4 түп жылауық ағаш отырғызған. Айналаның барлығына тас төсеніш төселген. Сондай-ақ салқын леп соғатын субұрқақтың да нобайы сызылып қойған. Бұдан бөлек қожалықтың есебінен мәдениет үйі алдына ескерткіш орнатылуда. Бұл туралы ферма меңгерушісі Асылбек Оралбаев баяндап берді.
– «Ер есімі – ел есінде» ескерткіші Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне арналған. Бұл құрылысы тозып, әбден ескірген болатын. Енді биыл төрағаның демеушілігімен заманауи үлгіде, мәрмәр тастардан соғылып жатыр. Жалпы біздің шаруашылық мұнымен ғана емес, ауылдың ішіндегі өзге де істерді абыроймен атқарып келеді. Мәселен 8 наурыз халықаралық әйелдер күніне орай 300 ақ жаулықты анаға сыйлық тараттық. Былтыр 1 қыркүйек білім күні қарсаңында «Мектепке жол» акциясына да өз үлесімізді қостық, – дейді 32 жыл шаруашылықтың отымен кіріп, күлімен шығып жүрген қызметкер.
Қазір «Бидайкөл» шаруа қожалығы бірлігі мен тірлігі ұйысқан ауыл адамдарының алғысын алып отыр. Бұдан бөлек, ауыл әкімі Айтбай Жандарбеков те бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып жүрген ұйымшыл ұжымға ықыласын білдіруде.
– «Бидайкөл» шаруа қожалығы әр уақытта халық игілігіне жұмыс істеп келеді. Ауылдағы тұрғынның 85 пайызы осы қожалықта десек қате емес. Әлеуметтік мәселелерге де демеушілік жасап, көктем айларында арық тазалау үшін техникамен қамтамасыз етеді. Одан қалды 11 тамыз күні Құрбан айт мерекесінде 50-60 адамға ас берді. Үлкен ірі қара малын құрбандыққа шалып, «Бегман ата» мешітінде ауыл ақсақалдарының басын қосты. Содан кейін елді мекендегі 21 отбасына шикілей ет таратты. Оның ішінде 4-еуі ауыл шаруашылығының маманы, зейнеткері болса, 17-сі мүмкіндігі шектеулі баласы бар үйге берді, – дейді шаруашылықтың шаруасына риза болған ауыл басшысы.
Әсілі «Еңбек етсең ерінбей, тоя­­ды қарның тіленбей» деген тәмсіл осы ауылға негізделгендей. Себебі, мұнда шаруашылық қана емес тігін цехы, дәріхана, шаштараз, заманауи бассейн жұмыс істейді. Мұның барлығы бейнеткеш жандардың берекелі ісі.


Маржан
ҚҰРМАНҒАЛИЕВА


16 тамыз 2019 ж. 18 143 0