Өскен өңір Шиелi аудандық қоғамдық-саяси газет
» » Шапан жабудың шарты

Шапан жабудың шарты


Қазақ қоғамының салт-дәстүрі мен ғұрпында шапан сыйлаудың орны ерекше. Ол көлденең көк аттыға емес, еліне сыйлы, халқына қалаулы жандарға ғана беріледі. Сыйды қалай болса солай бермеген қазақ, иығына шапан жабатын адамның тілегіне, пейіліне де зер салған. Осы орайда әлемге әйгілі әнші Д.Құдайбергеннің актер Джеки Чанға қазақы құрмет ретінде шапан жапқаны дүйім елге мәлім. Бұдан бөлек Голливуд актеры Николас Кейдждің, Францияның бұрынғы президенті Франсуа Олландтың, боксшы Майк Тайсонның және Ресейдің рэп орындаушысы Тиматидің қазақтың ұлттық киімімен түскен суретіне сүйсінбеген жан жоқ.

Осындай жөн-жоралғыдан кейін шапан жабу үрдісі қалай және қашан пайда болды деген сұрақ тууы да заңды. Бір әттеген-айы, аталған дәстүрдің шығу тарихы туралы дерек сақталмаған. Тек аңыз ғана жұрт жадында. Әуелі сол әфсанаға үңілсек.
Мұхаммед пайғамбар кезінде түйенің пірі Ойсылқара өмір сүріпті. Ол өмір бақи пайғамбардың жүзін көріп, онымен сұхбаттасуды армандаған екен. Алайда, үйіндегі қарт анасын тастап кете алмағандықтан, алысқа жол жүруді кейінге қалдырыпты. Ойсылқараның бұл жайын пайғамбар да біледі екен. Алла елшісі дүниеден өтерінде сахабаларына:
– Ойсылқараға сәлем айтыңдар! Анасын сыйлаған адам – Аллаға жаққан адам. Анасына қылған қызметін үзбесін. Мен оның адал ниетін, ақ пейілін білемін. Мына шапан менің тартуым болсын. Тәбәрік тұтып, киіп жүрсін, – деп Әлиден шапанын беріп жіберіпті.
Ойсылқара пайғамбардың сәлемін естіген соң, құрметті жиын-тойға сол шапанды киіп баратын болыпты. Кейін Ойсылқара да дүниеден өтерінде өзінің жақсы көретін адамына шапанын сыйлаған екен деседі. Осыдан бастап бұл халық арасында тарап, қазақ елінің де топырағына жетіпті. Тіпті шапан жабу біз үшін қадір-қасиетті көтеретін рәсім саналады. Оны бұрын хандар батырлар мен билерге дәреже бергенде пайдаланған. Ал бай-шонжарлар ақындар мен серілердің өнерін бағалап, иығына шапан жауып, астына ат мінгізген. Бүгіндері бұл жоралғы той-томалақта және екі ел арасындағы маңызды кездесу де жалғасын тауып келеді. Мысалы, құда-жекжат болған екі жақ бір-біріне шапан жауып, жағалы киім кигізген. Кейде осындай жиындарда бата берген ақсақалға да оймақты шапан, апаларға орамал тарту еткенін де көріп жүрміз.
Бірақ шапанды екі жағдайда сыйлайтынын естен шығармаған абзал. Оның біріншісі – құрмет көрсетіп, сый ретінде болса, екіншісі – кінәлі болып, айыбын жуу үшін екен. Тіпті шапанның әлеуметтік жағдайға байланысты түрлері де қалыптасқан. Мәселен, ханның арнайы атқосшысының шапаны алдыңғы жағынан ойық болған. Бұл шапан етегі түрулі деген мағынаны білдірген. Ал пішілуіне байланысты шапан сырмалы, қаптал, қималы, кең қолтық болып бөлінген. Сондай-ақ шапанның аймақтық өзгешеліктері де болған. Мәселен, Ұлы жүздің шапаны жолақты, жеңдері ұзын, ашық жағалы келсе, орта жүздің шапаны көбіне бір түсті матадан сырусыз, етегі шалғайлы, жеңі кең, жағасы шолақ. Бұдан бөлек Кіші жүздің шапандарында да өздеріне тән белгі қалыптасқан. Олардың шапанының жеңі ұзын және кең, жүн тартқан қалың қайырма жағалы болып келген. Ал күнделікті тұрмыста киілетін шапанды тысы берік қымбат емес матадан тіккен.
Міне, қарап отырсаңыз қарапайым ғана шапанның астарында қаншама тарих, салт-дәстүр жатыр. Бұдан бөлек шапан сыйлықтардың ішіндегі аса мәртебелісі. Ол адамдардың бір-біріне деген түсіністік, құрмет, махаббат сезімін ғана оятып қоймай, екі ел арасындағы татулықтың да нышаны бола алады.


М.БОЛАТҚЫЗЫ
03 тамыз 2019 ж. 35 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам