ЖАТ АҒЫМ ЖАРҒА ЖЫҒАДЫ

027 копия ЖАТ АҒЫМ ЖАРҒА ЖЫҒАДЫ

Иә, дәстүрлі емес діни ағымдардың кесірінен қаншама жан тура жолдан адасты. Тепсе темір үзетін азаматтар Отандарынан жырақтады. Ата-аналарынан алшақтады. «Осы баламның қызығын көрем», – деп отырған ана көз жасы қанға толып, жалғыздарынан айырылды. Ең қиыны, балалары өздерінің болашақтарына балта шапты. «Жиһад» деп нағыз жиһадтың не екенін білмей өмірлері қыршын кетті.

Ендігі жерде біз бұл жағдайды қайта­ла­мас үшін не істеуіміз керек? Жас­тарымызды бұл жат ағымдардан қалай сақтандырамыз? Мешітке баруға тыйым салуымыз керек пе? Әрине, жоқ. Елбасы Н.Назарбаев «Бүгінде біздің халқымыз үшін дәстүрлі емес діни және жалған діни ағымдар мәселесі өте өткір болып тұр. Жастарымыздың бір бөлігі өмірге осы жат жалған діни көзқарасты көзсіз қабылдайды. Өйткені, біздің қоғамның бір бөлігінде шеттен келген жалған діни әсерлерге иммунитет әлсіз» деген болатын. Біз жастарымыздың жат ағымдардың жетегінде кетпес үшін қоғамда рухани иммунитетті күшейтуіміз керек. Елде насихат жұмысын жақсартып, әрдайым тура жолды көрсетіп отырғанымыз жөн.
Жуырда аудандық мәдениет үйінде көрсетілген қойылым көпшіліктің көңілінен орын алып, көрерменнің қошеметіне бөленді. Онда діни экстремизмге қарсы Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Құрманбек Бекпейісовтің «Діннен шыққан дүрбелең» атты 3 актілі қойылымы жұрттың назарына ұсынылды. «Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ» демекші тура жолда жүрем деп жат ағымның етегіне еріп, елінен жырақтаған жан туралы сахналанды. Көрермендерге жат ағымдардың көзқарасы, ұстанымдары туралы мағлұматтар берілді. Қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай бағып-қағып отырған ата-анасының тілін алмауы, келінінің ата-енесіне құрмет көрсетпеуі, атам заманнан бері қалыптасқан салт-дәстүрімізге қарсы екендіктері және оларда аяныш деген сезімнің жоқ екендігі сомдалды. Сондай-ақ, жігіттің бал жеймін деп, бармақ тістеп өкінгендігі сахналанды. Көрермендердің көздеріне жас ұялатты. Қойылымды сахналаған аудандық мәдениет үйі жанындағы халық театрының режиссері Досхан Ерболатұлы: «Біз бұл көріністі сомдау үшін көп іздендік. Тер төгіп дайындалдық. Көрермендердің көңілінен шыққанына қуаныштымын. Алдағы уақытта көрінісімізді жетілдіре түсіп, ауылдарды аралаймыз ба деген ойдамыз. Сонда ауданымыздағы барлық жас­тар жат ағымнан аулақ болары сөзсіз», – дейді. Ал, қойылымның авторы «Нартай мектебі» КМҚК-ның директоры Құрманбек Бекпейісов: «Сомдалған көрініс еліміздің кей аймақтарында болып жатқан оқиғалардан алынды. Еліміздің болашақ тұтқасын ұстайтын жастар осы қателікті жібермесін, іргелерін жат ағымдардан аулақ салсын деген оймен сахналадық», – деді.
Шара соңында сөз сөйлеген аудан әкімінің орынбасары Алмасбек Есмаханов бұл шараның маңыздылығына тоқталды. Мақсатын да түсіндірді. Елімізде және оның сыртында орын алып жатқан оқиғаларды да тілге тиек етті. Жат ағымдардан сақтанып, алдын алуға шақырды, сондай-ақ, бүгінгі қойылымды көрсету үшін атсалысқан мәдениет саласының қызметкерлеріне алғысын жеткізді. Сонымен қатар, діни білім аламын деушілер болса ҚМДБ-нің өкілдері, яғни, мешіт имамдарынан ғана діни білім алу қажет екенін ескертті.

Ерұлан ДАТКЕНОВ.

Көрудің саны: 335  

Жаңалықтар

Пікір қалдыру