САЛМАҚТЫ САЛАҒА ҚОЛДАУ БАР

24 копия САЛМАҚТЫ САЛАҒА ҚОЛДАУ БАР

Ауданымызда спортқа жан-жақты қолдау көрсетілуде. Осының нәтижесінде спортшыларымыз бүгінгі таңда халықаралық, республикалық, облыстық жарыстарда үздік нәтижелер көрсетіп жүр. Спорттың дамуына, бұқаралық спорт саласын кеңейтуге, спорттағы жетістіктерді ынталандыруға бағытталған жұмыстар жүйелі түрде жасалып келеді. Осы ретте, аудан спортының бүгінгі беталысы, атқарылып жатқан шаралар, өзге де жаңалықтары туралы аудандағы спорт  бөлімінің  басшысы Нариман Сапарбаймен сұқбаттасқан едік.

– Бұқараның, яғни халықтың спортқа деген беталысын қалай бағалар едіңіз?
– Шиелі ауданы бойынша дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде шұғылданушылар үлесі халықтың 26,1% пайызын құрап отыр. Аудан бойынша спортпен шұғылданушылар саны – 21391 адам. Нәтижесінде жалпы білім беру және спорт мектептерінің спорт залдарында оқу үдерісінен тыс уақытта елді мекен тұрғындары бекітілген спорт нұсқаушылары арқылы салауатты өмір салтымен шұғылдануда. Қазіргі таңда ауданда 35 нұсқаушы 22 елді мекенде және кент орталығында дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде шұғылданушылар санын ұлғайтуда. Ұлттық және спорт түрлерін насихаттау мақсатында үстіміздегі жылдың 7 айында 86 аудандық, 6 облыстық, 3 республикалық іс-шара өткізілді. Оның ішінде көкпардан,тоғызқұмалақтан облыстық жарыс, қазақ күресінен, бокс­тан отбасылық жарыстар өткізіл­ді. Аудан тұрғындары арасында салауат­тылықты насихаттау мақсатында «Қазатомпром» мекемелері тұрақты түрде спартакиадалар өткізіп келеді. Айта кету керек, еске алу турнирлері мен мектеп бітіруші түлектердің жыл санап ауылдық жерлерде спорттық шараларды өткізуі үрдіске айналып отыр. Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорт түрлері бойынша 4 секцияда 52 спортшы шұғылданады. Үстіміздегі жылдың 7 айында аудан бойынша мүгедек спортшылар арасында 6 іс-шара өткізіліп, оған 84 адам қатысты. Облыстық мүмкіндігі шектеулі жандар арасындағы спартакиадаға аудан спортшылары дайындық үстінде. Спорт күні мерекесі қарсаңында «Ақ маржан» ауыл спортшыларының спорттың жеті түрінен 12-ші спартакиадасы өз жалау­­ын көтеретін болады.
– Спортпен жаппай шұғылдану үшін ауданда, елді мекендердегі халыққа қандай мүмкіндіктер жасалған?
– Бұл сұрағыңызға қазақтың «көш жүре түзеледі» деген нақыл сөзі дәлел. Бұрнағы жылмен салыстырғанда спорт­пен жаппай шұғылдану үшін мүмкін­дік­тер артып келеді. Ауданымызда спорттық инфрақұрлымды дамыту мақсатында 1986 жылдан бері алғаш рет Еңбекші ауылынан жоба құны 186 миллион теңгеге дене шынықтыру сауық­тыру кешенінің құрылысы бас­та­лып кетті. Алғабас елді-мекенінен «Бета-К» ЖШС директоры Ерболат Машрапин, Ақмая елді мекенінен «ДК С.Жұмбеков» төрағасы аудандық мәслихат депутаты болып табылатын Дәулет Жұмбеков ағаларымыз облыс бойынша бірінші болып ауданымыздың әлеуетін арттырып отыр. Өткен жылы Алмалы ауылынан ыңғайластырылған әмбебап спорт залы пайдалануға берілген болатын. Осылайша төрт елді мекендер бойынша тұрғындардың спортпен айналысуға мүмкіндігін оңтайлы шешіп отырмыз.
– Шағын спорт алаңдары барлық ауылдарда бар, сапасы қандай?
– Ауданымызда 34 шағын спорт алаңдары бар. Алаңдар 2011 жылдан бас­тап салынып, пайдалануға беріл­ген болатын. Биыл 11 елді мекен­де аудандық бюджеттен қаржы қарастырылып, спорт алаңдарына жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
– Жаттықтырушы, спорт нұсқау­шыларына қолдау қай деңгейде?
Аудан әкімдігі тарапынан саланың дамуына айрықша көңіл бөлініп келеді. Аудан кәсіпкерлері ірі республикалық жарыстарды өткізуге көмек көрсетіп отырады. Спортшылардың шет мемлекеттерге халықаралық және әлемдік додаларға қатысуына қаржылай қол­­дау көрсетіп келеді. Осы ретте зор алғысымызды білдіргіміз келеді. Ал, 2009 жылдан бастап облыста бұқаралық спортты дамыту мақса­тында мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс арқылы спорт нұсқаушыларын қаржыландыру тәжірибесі енгізілген болатын. Осы орайда, облыстық бюджеттен осы жылы 13 млн. 421 мың теңге бөлініп, қазіргі уақытта өз жұмыстарын жасауда.
– Биылғы жетістіктеріңізге тоқталсаңыз?
– Аудан спортшылары өткен жеті ай көлемінде облыстық жарыстардан 61 алтын, 41 күміс, 88 қола алса, республикалық жарыстар мен Қазақстан біріншіліктерінде 48 алтын, 47 күміс, 34 қола, әлем біріншілігінен 1 күміс, 2 қола, азия біріншілігінен 2 қола медальдар иеленді. Ұлттық құрама мүшелігіне барлығы 4 спортшы енген. Есепті кезеңде 5 спорт шебері, 1 халықарлық дәрежедегі спорт шебері, 27 спорт шеберіне үміткер, 15 І раязрядты спортшылар дайындалған. Ауыр атлетикадан жасөспірмдер арасында Тайланд мемлекетінде өткен әлем біріншілігінде Бектай Асылжан 77 келі салмақта қола жүлдегер қатарынан көрінсе, Непал мемлекеті, Катманду қаласында өткен Азия біріншілігінде Бектай Асылжан қола жүлдегер атанды. Жерлесіміз Мүфтілда Айзада 90 келі салмақта Алматы облысының атынан сынға түсіп қола жүлдегер атанып, ел мерейін асқақтатты. Сонымен қатар, Астана қаласында ересектер арасында өткен белбеу күресінен Райымбек Рантаев 66 келі салмақта күміс жүлдегер, Рахат Советов 60 келі салмақта қола жүлдегер атанды. Алдағы уақытта 2 спортшы әлем біріншілігіне қатысуға жолдама алса, 3 спортшы азия біріншілігіне қатысатын болады. Келер жылы өтетін жасөспірімдер арасындағы олимпиада ойындарына қатысуға 1 спортшыға жаттықтыру жұмыстары жүргізілуде.
– Спорттың біздегі кенжелеп қалған түрлерін атап өте аласыз ба?
– Әрине, негізінен біздің өңірде жазғы спорт түрлеріне баса көңіл бөлінген. Алдағы уақытта қысқы спортты дамытуды қолға алуды мақсат етіп отырмыз. Көркем гимнастика спортын ашуды жоспарлап отырмыз. Бізде спорттың гір тасын көтеру, жеңіл атлетика кенжелеп қалған.
– Алдағы жоспарларыңызбен бөліссеңіз?
– Ұлттық спорт түрінің бірегейі қазақ күресінің мәртебесін арттыру, оны бұқара халық арасында кеңінен насихаттау мақсатында жасөспірімдер арасында М.Шоқай және тұңғыш рет ересектер арасында Ы.Жақаев атындағы республикалық жарыстарды ұйымдастыру жоспарлануда.
– Келелі әңгімеңізге алғыс айтамыз. Жұмыстарыңыға табыс, отбасыңызға амандық тілейміз. Рақмет!

Дина Жүсіпова

Көрудің саны: 49  

Жаңалықтар

Пікір қалдыру