МИЛЛИОНДАРДЫҢ МАШАҚАТЫ МАЗАЛАМАСЫН

20160705105735 МИЛЛИОНДАРДЫҢ МАШАҚАТЫ МАЗАЛАМАСЫН

Жаз бітіп, күздің де бір айын орталадық. Қыр астында сығалаған қыс мезгіліне   отын-көмірлерін дайындап,  ертеңдерін ойлаған жандар көмір қоймаларды жағалап жүр. Ал, үйлеріне газ кіргізіп, көңілдері мәз болып, шаңырақтарында жаз орнап жатқан үйлердің бұл бейнеттен алыстағалы үш жылдың жүзі болып қалды.

Табиғи газ – ең экологиялық таза отын түрі. Оған тек экономиканың дамуы ғана емес еліміздің тұрғындарының тұрмыс-тіршілігі, өмір сүру сапасы, жайлылық деңгейі де тәуелді. Сонымен қатар, аймақтың инвестициялық тартымдылығы және газдандырылған елді-мекендердің әлеуметтік-экономикалық әлеуеті артады. Қазақстанның газбен жабдықтау жүйесі – маңызды инфрақұрылымдық кешен болғандықтан, үлкен әлеуметтік-экономикалық маңызға ие екендігі баршамызға аян.
«ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ республи­каның ірі газ тарату компаниясының құрамдас бөліктерінің бірі болып табылады. Аталған компания құбыр жолдары арқылы жоғары және төмен қысымды газды тасымалдау қызметін көрсетеді және тұтынушылардың барлық санаттарына газ тарату қызметін іске асырады. Қызылорда облысының аудандарын газдандыру бойынша компанияның қаражаты есебінен Қызылорда облысы әкімдігі мен «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ арасындағы сәйкес, құны 24,7 млрд. теңге болатын «Қызылорда облысының 5 елді-мекенін газдандыру» инвестициялық жобасы іске асырылды. Аталған жобаны іске асыру аясында 4 аудан орталығы – Арал қаласы, Әйтеке би, Шиелі, Жаңақорған кенттері газбен жабдықтау жүйесіне қосылды.
Осы орайда, ауданымыздағы «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ директоры С.Қашақовты әңгімеге тартқан болатынбыз.
– Біз халықтың мүддесін көздейміз. Бүгінде автоматтандырылған газ тарату станциясы салынып, газ құбырлары жүргізілуде. Жобаны іске асырудың нәтижесінде нарядпен қосылған үйлердің саны 3108-ді құрап отыр. Сонымен бірге, 105 әлеуметтік маңызды және коммуналдық-тұрмыстық кәсіпорындарды газдандыруға мүмкіндік туындады. Кент орталығында халыққа қызмет көрсету үшін кеңсе ашылып, қызметкерлер штаты жинақталды. Халыққа қолайлы болу үшін жергілікті жерлерде өтініштерді қабылдау, жеке тұрғын үйлерді газдандыру үшін техникалық шарттарды беру және дайындау жүзеге асырылады. Қазіргі таңда газға қосылған абоненттер газды керегінше пайдаланып, төлеміне келгенде салғырттық танытуда. Халықтың компанияға берешегі яғни, қарызы 24 миллионға жуық. Нақтыласақ, 23 млн. 866 мыңды құрап отыр. Біз өз тарапымыздан тұрғындарға ескерту жасап жатырмыз. 25 қыркүйекке дейін төлемесе, үйлердің сыртқы құбыры ажыратылады. Ал, ажыратылған құбырды қосу үшін тұрғындар 22400 теңге айыппұл төлеуі тиіс, – дейді директор С.Қашақов.
Иә, ауданға газ тартылып, көгілдір отынды алаңсыз пайдаланамыз деп қуандық. Күйелеш-күйелеш болып, от жағып, күл шығармайтын болдық деп қуандық. Ендеше, жоғарыда айтқан 24 миллионның машақаты мазаламасын десек, қарыздан құтылғанымыз абзал.

Дина ЖҮСІПОВА.

Көрудің саны: 309  

Жаңалықтар

Пікір қалдыру