БЕС ОТБАСЫ БАҚ СЫНАСТЫ

08 копия БЕС ОТБАСЫ БАҚ СЫНАСТЫ

Қай заманда болсын отбасы Отан тәрізді ұлы ұғыммен қатар қойылып, әлеуметтік ұйысу мен ұрпақ жалғастырудың ұлағатты ұясына баланып, қастерлі түсінік саналған. Себебі, отбасы арқылы мыңжылдықтар тоғысында әрбір қоғамның ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан салты, ұлттық дәстүрі сақталады.

Осы орайда, аудандық мәдениет үйінде Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Мұхамеджан Рүстемовтың 85 жылдығына арналған «Ақ босаға» тақырыбында жас отбасылар сайысы ұйымдастырылды.
Байқау композитордың шығармашы­лығын кейінгі ұрпаққа насихаттау, жас отбасылардың мәртебесін көтеру, жастарды ұлттық салт-дәстүрімізді құрметтеуге тәрбиелеу, жастарды татулық пен ұйымшылдыққа шақыру мақсатында өтті.
Жиынды аудан әкімінің орынбасары А.Есмаханов ашып, композитор М.Рүстемовтың өмірі жайында қысқаша айтып өтіп, конкурсқа қатысушыларға сәттілік тіледі. Сөз тізгінін одан әрі жалғаған Ә.Оспанов ұлт жанашырының шығармашылығына тоқтала отырып, ауданымыздан бір көше атауы берілсе деген ойын да ортаға салды.
Шарада Бестамнан Кенжеболатовтар, Майлытоғайдан Махановтар, Алғабастан Ағзамовтар, жөлектік Рахметовтер отбасы мен тартоғайлық
Оразәлиевтер отбасы өзара бақ сынас­ты. Мәдениет қайраткері Ә.Оспанов, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Ж.Отарбаева және осы бөлімнің сценаристі А.Әшімқызы жас отбасылардың өнерін бағалап, әділқазылық етті.
Төрт кезеңнен тұратын байқаудың ерекшелігі, сайысқа қатысушылар тек ән-жыр айтумен шектеліп қалған жоқ. Тиісінше, салт-дәстүрмен сабақтасқан сұрақтарға жауап беріп, қазақтың ұлттық тағамдарын әзірлеп, өздерінің қолынан шыққан қолөнер бұйымдарын таныстырып, өнегелі шараның маңызын арттыра түсті. «Таныстыру» кезеңінен басталған қатысушылар өздерін өлең жолдарымен, қара сөзбен, көрініс түрінде таныстырып өтті. Әрі қарай, «Өз өнері» бөліміне кезек келді. Онда сайыскерлер М.Рүстемовтың әндерінен орындап, өнерлерін ортаға салды. «Кім тапқыр?» бөлімінде қатысушыларға салт-дәстүрге байланысты сұрақтар қойылып, танымдық деңгейі де сарапқа салынды. Байқаудың соңғы бөлімі «Үй тапсырмасы» деп аталып, үміткерлер үйден дайындап алып келген қолөнер бұйымдары мен ұлттық тағамдарын қазылар назарына ұсынды.
Марапаттау кезеңінде сөз алған Ә.Оспа­нов өзге ауылдардың шараға қатыспай отырғандықтарын, клуб меңгерушілерінің селқостық танытқандықтарын тілге тиек етті. Байқау қорытындысы бойынша І орынды Ағзамовтар отбасы жеңіп алса, ІІ орынды Рахметовтер отбасы иеленді. Ал, ІІІ орынды Кенжеболатовтар мен Махановтар отбасы өзара бөлісті. Оразәлиевтер отбасы өз кезегінде Алғыс хатпен марапатталды. Жүлдегерлер дипломдармен және бағалы сыйлықтармен мадақталды. Шара аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасымен өз мәресіне жетті.

Дина ЖҮСІПОВА.

Көрудің саны: 26  

Жаңалықтар

Пікір қалдыру