«ҚАРЖЫ ҰЙЫМДАРЫ БІРІКСЕ, ТҰРҒЫНДАРДЫҢ МЕМЛЕКЕТТІК БАҒДАРЛАМАҒА ДЕГЕН СЕНІМСІЗДІГІ АЗАЯДЫ»

09 копия «ҚАРЖЫ ҰЙЫМДАРЫ БІРІКСЕ, ТҰРҒЫНДАРДЫҢ МЕМЛЕКЕТТІК БАҒДАРЛАМАҒА  ДЕГЕН СЕНІМСІЗДІГІ АЗАЯДЫ»

Кәсiпкерлiк – бұл экономиканың қайнар көзi. Ал ұлттық экономиканы дамытып, тың серпiн берiп, алға өрлеуiне үлес қосатын жергілікті кәсiпкерлер екені анық. Бірнеше жыл бұрын еліміздегі кәсіпкерлердің түйіткілді деген мәселелерін шешіп, жан жақты қолдау көрсету мақсатында Ұлттық Кәсіпкерлік палатасының да құрылғаны белгілі. Бүгінде бұл мекеме кеңінен қанат жайып, әр облыс орталығы мен аудандарда филиалдары жүйелі жұмыс жасап келеді. Осыған орай ауданымыздағы кәсіпкерлерді қолдау орталығы қандай жұмыстар атқарып, нендей нәтижеге қол жеткізгенін білу мақсатында орталық директоры Рысбай Нысанханмен сұқбаттасқан едік.
– Рысбай Нысанханұлы, бүгінде аудан кәсіпкерлері мемлекет тарапынан жүйелі ұйымдастырылған қамқорлықты сезіне бастады. Әсіресе, қазіргі­дей қысылтаяң тұста отандық бизнеске айтарлықтай көңіл бөлініп жатқаны қуантарлық жайт. Осы орайда Ұлттық кәсіп­керлер палатасының кәсіпкер­лерді қолдау жүйесі туралы оқырмандарымызды кеңінен хабардар етсек дейміз. Тұрғындарға нақты қандай көмектер ұсынылады? Оны пайдалануға кімдердің мүмкіндігі бар?
– Алдымен, кәсіпкерлерді қолдау орталығы бизнес өкілдерінің жұмысын барынша жеңілдете түсуге бағытталғанын айтып өтсем деймін. Біздің мекемеден ауданымыздағы кез келген адам кәсіпкерлікке байланысты қажетті ақпаратын ала алады. Қазіргі таңда «Бизнестің жол картасы-2020» және «Нәтижелі жұмыспен қамту 2017-2021» бағдарламары шеңберінде «Бизнес-кеңесші», «Іскер­лік қатынастар» және «Бизнес бастау» жобалары аясында халықты бизнестің негіздеріне оқытып-үйрету бағытында қарқынды жұмыстар жасалып жатыр. Біздің орталық қызметкерлері әрбір азаматқа кәсіпкерлік бағытында сапалы қызмет көрсетуге дайын.
– Жалпы, бизнес ағарту қалай жүргізіледі? Оқыту курстарынан өткен кәсіпкерге мемлекет тарапынан көмек алуға қаншалықты септігі тиеді?
– Әрине, әрбір азамат жеке кәсібін ашып, мемлекеттік қолдауға жүгіне алады. Бірақ ол үшін кәсіпкердің іс жүргізу қабілеті, бастап жатқан кәсібі жайлы жан-жақты хабары, жеке бизнес жоспары болуы тиіс. Жалпы, бизнес оқыту жүйесі бізде екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезең – «Бизнес-кеңесші» бағдарламасы. Бұл кезеңде біз маркетингтің не екенін, бухгалтерлік есепті қалай жүргізу керектігін, кәсіпкерлік туралы заңнамамызда не айтылғаны жайында ең қарапайым деген түсініктермен таныстыратын боламыз. Мұнда бизнес жүргізудің схемасы ұсынылады. Жыл басынан бері 100-ден аса адам «Бизнес-кеңесші» курсын тәмамдап, арнайы сертификат алды. Енді сол арқылы мемлекеттік органдарға тиісті көмек алуға жүгіне алатын болады. Екінші кезең – «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамы­тудың 2017-2021 жылдарға арнал­ған бағдарламасын» жүзеге асыру аясындағы «Бастау бизнес» жобасы. Бағдарлама бойынша кәсіп­керлік негіздеріне оқу курстарында жыл басынан бері алғашқы топта – 30 адам, 2-топта – 41 адам оқытылып сертификаттар табыс­талды. Қазіргі кезде 3-топтағы 41 үміткер курсты аяқтауға жақын. Ал үшінші кезең – жобалық оқыту жүйесі барысында жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлік нысандарына жіберіп, тәжірибе жинау­ға мүмкіндік жасаймыз. «Жүз рет естігенше, бір рет көрген артық» демекші, теориялық білімді тәжіри­бемен ұштастыра білгенде ғана одан нәтиже шығатыны анық. Нақты бір өндірісте көпті көрген, тәжірибесі мол кәсіпкерлер өз кәсібінің қыр-сырымен бөлісіп, ақыл-кеңестерін айтады. Сонымен қатар, бұл курстың салалық ерекшелігі бар. Мәселен, болашақ фермерді біз көп жылдан бері табысты жұмыс істеп келе жатқан сүт фермасына жіберіп, оның иесі өз тәжірибесімен бөлісіп, шеберлік сыныбын өткізеді. Аталған жоба аясында дәл қазір 11 кәсіп иесі өтініштерін білдіруде.
– Түсінікті. Ал, кәсіпкерлерге қолдау көрсету орталығының көмегімен ауданымызда нақты қандай бизнес жобалар жүзеге асты?
– Бір нақты сан дерек келті­рейін. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкер­лер палатасының ТОП-10 озық жоба­ларының қатарына кірген айрықша жоба «Микробизнес Қызыл­орда» бағдарламасы аясында, өткен жыл­дың өзінде ауданымызда 19 жоба қаржыландырылып, 41 жұмыс орны ашылды. «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы 30 адам шағын несие алуға қол жеткізді. Сонымен қатар, 3 жоба 1 млн. 662 мың теңге көлемінде грант ұтып алды. Олар – Ортақшылдағы талқан, сөк, жент, қауын қақ, қауын құрт дайындайтын орын, Жаңатұрмыстағы «Құс шаруашылығы» және де кенттегі «Қолөнер бұйымдарын шығару» жобаларын ұсынған кәсіпкерлер грант иегерлері атанып, жұмыстарын жүргізуде. Биылғы жылы «Бастау бизнес» курсын аяқтаған 23 үміткер облыс орталығына барып өз жобаларын қорғаса, 9 кәсіпкерді несиелендіру жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, үстіміздегі жылы «Қолөнер бұйым­дары» жобасы бойынша 2 кәсіпкер грант ұтып алды.
Кәсіпкерлердің басым көпшілігі ауыл шаруашылығына, оның ішінде мал шаруашылығына қызығушылық танытып отыр. Біз оларға бизнес жос­парын жасауға көмектесеміз, ол банкке барып, өзінің жоспарын жүзеге асыру үшін қаржы алады. Яғни, палатаның қолдауының арқасында жаңа кәсіпкерлік мекемелері пайда болуда. Бұл дегеніңіз жаңа жұмыс орындары ашылып, салық төлеушілердің саны артуда деген сөз.
– Ауыл шаруашылық коопера­тив­тері жайлы не айтар едіңіз?
– Өткен жылы аудан бойынша 8 ауыл шаруашылық өндіріс кооперативі құрылды. Олар егін шаруашылығына, түйе сүтін өңдеу және аралас ауылшаруашылығына бағытталған. Ал, биылғы жылы сүтті, етті ірі қара малдарын өсіріп көбейту, бордақылау кәсібі бойынша 4 кооператив жұмысын бастап кетті.
– Алдағы мақсаттарыңыз бен жоспарларыңыз қандай?
– Әрине, қазіргі таңда біздің мақсатымыз көрсетілетін қызметтің сапасын барынша арттыру болып отыр. Сонымен бірге, тауар өнді­ру­шілерді қолдау мақсатында облыс әкімдігімен бірлесе отырып жергілікті өнімдер каталогын шығару жұмысы жүріп жатыр. Қазірдің өзінде облыстық кәсіпкерлер палатасы ғимаратында «Орда өнімдері» деген арнайы көрме ашылып, онда біздің аудан кәсіпкерлері «Ару ана шұбат цехының», «Сыр Суы», «Шиелі тас- Оңтүстік», «КНК Кемикал» т.б тауар өндірушілердің өнімдері қойылды. Бұл біздің жергілікті бизнес-өкілдері үшін жарнама ретінде таптырмас мүмкіндік болып отыр.
– Халық арасында «мемле­кеттік бағдарлама арқы­лы несие алу танысың болмаса қиын» деген секілді кереғар пікір айтушылар кездесіп жатады. Мұның себебін қалай түсіндірер едіңіз?
– «Бастау Бизнес» курсын аяқтаған адам өз жобасын қаржы ұйымдарына ұсынады. Оның бірінен қолдау таппаса екіншісіне баруға тура келеді. Мұндай жағдай несие алушының уақытын жоғалтып, құлшынысын төмендетуге алып баруда. Жоғарыдағыдай пікір осындай кедергілерге тап болған жандардың жан айқайы болса керек.
Тұрғындар арасында теріс пікір болмау үшін қаржы ұйымдары кәсіпкерлердің жобаларын бір мезетте қабылдау керек секілді. Мәселен, «Қызылорда өңірлік инвестициялық орталық», «Ауылшаруашылық қаржы­лай қолдау қоры» және «ҚазАгроГарант» АҚ кепілдеме беретін қаржы ұйымдары бірігіп, жобалар­ды бір мезетте қарастырса деген ұсыныс бар. Егер ұсынысымыз қолдау тауып жатса азаматтардың да мемлекеттік бағдарламаға деген сенімсіздігі азаятын болар.

Сұқбаттасқан
Гүлхан ЯХИЯЕВА

Көрудің саны: 105  

Жаңалықтар

Пікір қалдыру